ЖЕТІСАЙДА ТАҒЫ БІР АУЫЛ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛДЫ: ӨҢІРДЕ ГАЗДАНДЫРУ ҚАРҚЫНЫ КҮШЕЙДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында Мақталы ауылдық округіне қарасты Тың елді мекенін табиғи газбен қамту іс-шарасына қатысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар бергенін жеткізді. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

– Бүгін Жетісай ауданында қуанышты сәтте бас қосып отырмыз. Аймақ инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жақсарып, тағы бір ауыл көгілдір отынға қосылды. Тың елді мекенін газдандыру мәселесі биыл аудан тұрғындарымен өткен кездесуде көтерілген болатын. Бүгінде ол өз шешімін тауып отыр. Бұл – Президент пен Үкіметтің ерекше қолдауының нәтижесі. 2025 жылы облыс көлемінде 46 газ жобасының құрылысы аяқталып, газдандыру деңгейі 75 пайызға жетеді. Нәтижесінде 606 елді мекен табиғи газды пайдаланады, – деді облыс әкімі.

Соңғы үш жылда бір ғана Жетісай ауданында газдандыру көрсеткіші 22 пайызға артқан. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының тұрмысына оң әсерін тигізіп, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына жол ашуда.

Кездесу барысында өңір басшысы облыста мақта кластерін дамыту бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Мақтаны өсіруден бастап, оны терең өңдеу және дайын өнім – киім тігуге дейінгі толық циклді жолға қою жоспарланған. Бұл ретте заманауи агротехнологияларды енгізудің маңыздылығы айтылды.

Айта кетейік, Тың елді мекенін газдандыру жұмыстары биыл мамыр айында басталып, қазан айының соңында толық аяқталған. Облыстық бюджеттен бөлінген 164,2 млн теңгеге жалпы ұзындығы 7,9 шақырым газ құбыры тартылды. Оның 0,9 шақырымы жоғары қысымды, ал 7 шақырымы төмен қысымды желілерді құрайды. Халқы 942 адамды құрайтын елді мекенде бүгінде 133 абонент көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

Жалпы, Жетісай ауданында газдандыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде 105 елді мекеннің 93-і табиғи газбен қамтылып, көрсеткіш 87,7 пайызға жетті. Өткен жылы 4 елді мекен газға қосылса, биыл 14-ші елді мекен көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін тағы 6 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 3 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, ал 10 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Бұл бастамалар өңірдегі ауылдардың дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.