ЖЕТІСАЙДА МАЛ БОРДАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ЕТ ӨНДІРУ САЛАСЫНДА ШЕКАРАЛЫҚ САУДА ЖӘНЕ ЭКСПОРТ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ ДА ҚАРАЛАДЫ

Жетісай ауданында мал шаруашылығы саласы жүйелі дамып, ет өнімдерін тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар белсенді жүргізілуде. Аудан аумағында жыл сайын бордақылау алаңдарының саны артып келеді. Қазіргі таңда 25 мал бордақылау алаңында 361 бас ірі қара, 495 бас қой, 343 бас жылқы бордақылануда. Бұл көрсеткіш жергілікті тұрғындарға тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімділікті арттыру арқылы өңір экономикасына тың серпін беруде.

Солардың бірі – Мақталы ауылдық округіндегі «Мүйтембай ата» шаруа қожалығы. Қожалықта 200 бас ірі қара мал бордақыланып, жылына 150 тоннаға дейін ет өндіріледі. Қожалықтың негізгі ерекшелігі – жем-шөптің өз аумағында дайындалуы: 30 гектар жерге жүгері, жоңышқа және мақта шиті егілген. Бұл өнімдерді негізінен Жетісай мен Мақтаарал аудандарының тұрғындары тұтынады. Шаруашылық төрағасы Нұржігіт Мүйтембаев, бордақылау алаңын кеңейту үшін асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Қожалықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жұмыс сапары барысында «Оңалбай ата» және «Тайтенов Е» ЖК мал бордақылау алаңдарында болды. «Оңалбай ата» шаруа қожалығында 50 бас мүйізді ірі қараға есептелген 31 бас асыл тұқымды ақбас сиыр болса, «Тайтенов Е» ЖК-де 220 бас жылқы, 300 бас қой бордақылануда. Әкім кәсіпкерлермен кездесіп, тұтынушыларды арзан бағада сапалы етпен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне белсенді қатысу және өнімдерді базарлар мен дүкен сөрелеріне делдалсыз жеткізу бағыттарын талқылады. Осыған орай, аудан әкімдігі тарапынан кәсіпкерлерге толық қолдау көрсетілетін болады.

Жетісай ауданының мал шаруашылығын дамыту тек ішкі нарықты қамтамасыз етуге ғана емес, шекара маңындағы сауда және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге де ықпал етеді. Ауданда өндірілген ет өнімдері көрші өңірлер мен шекаралық аймақтарға жеткізіліп, сауда жолдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өңірдегі асыл тұқымды мал шаруашылығы мен бордақылау алаңдары ұлттық экспорт әлеуетін арттыруға септігін тигізеді, сапалы ет өнімдерін халықаралық нарыққа шығару мүмкіндігі ашылады.

Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айында Жетісай ауданында 5,6 мың тонна ет, 27,9 мың тонна сүт және 7 млн 81 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ауданның 44 шаруа қожалығы мал тұқымын асылдандырумен шұғылданады. Осы деректер жергілікті өндірістің сапасын, өнімділігін арттыруға бағытталған жоспарлы жұмыстардың нәтижесі болып табылады.

Жетісайдағы мал бордақылау алаңдарының дамуы, ет өндірісін тұрақтандыру және экспорттық бағыттағы әлеуетті арттыру өңірдің экономикалық дамуына тың серпін береді. Бұл шаралар шекара маңындағы сауда мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, жергілікті өнімді халықаралық нарыққа шығару жолдарын қамтамасыз етеді, тұрғындардың әлеуметтік ахуалы мен табысын арттыруға нақты үлес қосады.