Шымкент қаласында «Жаңа Конституция – мемлекеттің жаңа бағдары» тақырыбында қалалық өзбек этномәдени бірлестігі мүшелерінің қатысуымен кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – Конституцияның қоғам өміріндегі маңызын кеңінен насихаттау, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және елдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту болды.
Кездесуді қалалық өзбек этномәдени бірлестік төрағасының орынбасары Шакирбек Умаров жүргізіп, Конституцияның мемлекет пен қоғам өміріндегі айрықша рөліне тоқталды.

«Конституция – еліміздің тұрақты дамуының, қоғамдық келісім мен заң үстемдігінің берік негізі. Ата Заңымыз әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғап қана қоймай, ел бірлігі мен татулығын нығайтуға қызмет етеді. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – Конституцияның құндылықтарын кеңінен дәріптеп, жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға үлес қосу. Себебі заңды құрметтеу – әрбір азаматтың басты міндеті», – деді Шакирбек Умаров.
Кездесу барысында қатысушылар Конституцияға енгізілген өзгерістердің елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы маңызына, азаматтық қоғамның дамуына және заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөліне қатысты пікір алмасты. Сонымен қатар Ата Заңның қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы, этносаралық татулық пен бірлікті нығайтудағы маңызы кеңінен талқыланды.

