АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН ҚОЛДАДЫ

Бүгін Достық үйі ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Шымкент қаласы Ақсақалдар кеңесінің жаңа Конституция жобасын қолдау мәселелері жөніндегі отырысы өтті.

🔹Жиынды Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев ашып, жүргізді. Отырыста ел өміріндегі маңызды саяси қадам – Жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызы жан-жақты талқыланып, референдум қарсаңындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының өзектілігі атап өтілді.

🔹Кеңес мүшелері Конституциялық өзгерістердің ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне тоқталып, егемендік, тәуелсіздік және ұлттық тұтастық қағидаттарының негізгі заңда айқын көрініс табуының маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, аға буын өкілдері жастарға тағылым беру, қоғамда тұрақтылық пен сабақтастықты сақтау бағытындағы міндеттерді айқындады.

🔹«Жаңа Конституция – бұл мемлекеттілігіміздің кемелденуінің айқын көрінісі. Ақсақалдар кеңесінің басты мақсаты – қоғамда бірлік пен келісімді нығайту, жас ұрпаққа елдік құндылықтардың маңызын түсіндіру. Біз жаңа Конституция жобасын қолдай отырып, әр азаматты алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырамыз. Себебі ел тағдырына қатысты шешімге бейжай қарауға болмайды», – деді Батырбек Жалмұрзаев.

🔹Жиын қорытындысы бойынша Ақсақалдар кеңесінің мүшелері Жаңа Конституция жобасын қолдау жөніндегі бастамаларды жалғастыруға және түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.