Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласының маңызды бағыттарының бірі – мал шаруашылығын дамыту, ет өндірісінің көлемін арттыру және өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейту. Осы бағытта заманауи өндірістік кешендер іске қосылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және дайын өнім шығару жүйесі қалыптасып келеді.
Өңірде ет өндірісін дамытуға, мал басын көбейтуге және өндірістің толық циклін қалыптастыруға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Заманауи ет комбинаттары мен мал бордақылау алаңдарының көбеюі саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік беруде.
Сайрам ауданында орналасқан «KAZ ECO MEAT» ЖШС ет өңдеу кәсіпорны осы бағыттағы ірі өндірістік жобалардың бірі саналады. Кәсіпорын жылына 30-40 мың тонна ет өндіруге қауқарлы. Мұнда жылқы, ірі қара және ұсақ мал еті терең өңдеуден өткізіліп, жоғары сапалы өнім шығарылады.
Өндірістік кешен заманауи технологиялармен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кәсіпорынның қуаттылығы бір ауысымда 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ малды өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндіріс орнында тұрақты жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға үлес қосуда.
Ет өндірісіндегі негізгі басым бағыттардың бірі – экспорт көлемін арттыру. Түркістан облысында өндірілетін ет өнімдерінің бір бөлігі ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталса, екінші бөлігі шетелдік нарықтарға шығарылып, өңірдің экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етуде.
Бүгінде Түркістан облысы еліміздегі мал шаруашылығы дамыған өңірлердің қатарында. Облыста мал өсіру, бордақылау және ет өңдеу бағытындағы өндірістік тізбек біртіндеп қалыптасып келеді. Бұл ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттырып қана қоймай, ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Өңірде өндіріс орындарын жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Мұндай жобалар Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға, ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетін арттыруға маңызды серпін береді.

