ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, МАҚТААРАЛДАҒЫ А-15 РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОЛЫНДАҒЫ КӨПІР КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі – заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру. Осы мақсатта республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңғырту, көпірлерді күрделі жөндеуден өткізу және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру бағытында ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына, кәсіпкерліктің дамуына және инвестициялық тартымдылықтың артуына ықпал етуде.

Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Мақтаарал ауданындағы А-15 республикалық маңызы бар автомобиль жолының 2-шақырымында орналасқан көпірді күрделі жөндеу жұмыстары. Аталған нысан ауданның ең ірі елді мекендерін байланыстыратын стратегиялық көлік дәліздерінің бірі саналады және тұрғындар мен жүк тасымалы үшін ерекше маңызға ие.

Жобаның жалпы ұзындығы 168,6 метрді құрайды. Оның ішінде көпірдің ұзындығы – 25,4 метр, жолдың ені – 9 метр. Инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 358 миллион теңге бағытталған.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген өндірістік кестеге сәйкес қарқынды жүргізілуде. Жобаның орындалу барысымен танысу мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалының директоры Ербол Примбетов жұмыс сапарымен нысанға барып, мердігер ұйым өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында құрылыс сапасын қамтамасыз ету, техникалық талаптарды қатаң сақтау және жобаны белгіленген мерзімде аяқтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бүгінде құрылыс алаңында бірқатар маңызды жұмыстар толық орындалған. Атап айтқанда, көлік қозғалысын тоқтатпау мақсатында уақытша айналма өткел салынды, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін белгілер орнатылды, инженерлік-коммуналдық желілер көшірілді және ескі көпір құрылымдары толықтай бөлшектелді.

Қазіргі кезеңде құрылысшылар көпірдің қадалы іргетасын қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде. Арматуралық қаңқаларды тоқу, терең ұңғымаларды бұрғылау және жоғары сапалы бетон құю жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес атқарылып жатыр. Бұл жұмыстар жаңа көпірдің ұзақ жылдар бойы қауіпсіз әрі сенімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Нысанда қажетті арнайы техника мен білікті жұмысшылар толық жұмылдырылған. Құрылыс барысы тапсырыс беруші мекеме, техникалық қадағалау ұйымдары және ұлттық сапа орталығы тарапынан тұрақты бақылауда. Бұл жобаның сапалы әрі белгіленген талаптарға сай жүзеге асырылуына мүмкіндік береді.

Жауапты мамандардың мәліметінше, көпірді күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі.

Аталған жоба өңірдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бастамалардың бірі болып саналады. Көпірдің жаңартылуы жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, көлік кептелістерінің алдын алуға, тұрғындардың қатынау уақытын қысқартуға және жүк тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, сапалы көлік инфрақұрылымы ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға жедел жеткізуге қолайлы жағдай жасап, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына серпін береді. Бұл өз кезегінде кәсіпкерліктің кеңеюіне, жаңа инвестициялардың тартылуына және экономикалық белсенділіктің артуына ықпал етеді.