Түркістан облысында құқықтық саясатты іске асыру аясында азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соның ішінде сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау, білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалардың қолайлы ортада білім алуына жағдай қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Осы міндеттерді орындау мақсатында өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл жұмыстар тұрғындардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етумен қатар, мемлекеттік стандарттарға сәйкес келетін қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Мақтаарал ауданында да осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда аудандағы төрт ірі білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, «Мырзакент» мектеп-гимназиясы, «Мақтаарал» мектеп-гимназиясы, О.Бапышев атындағы жалпы орта мектебі және «Жаңа жол» жалпы орта мектебі толық жаңғыртылып жатыр.
Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында мектеп ғимараттарының сыртқы қабырғалары заманауи материалдармен қапталып, шатырлары мен қасбеттері жаңартылуда. Сонымен қатар мектеп аулаларын абаттандыру, инженерлік жүйелерді жетілдіру және санитарлық талаптарға сай қолайлы жағдай жасау жұмыстары қатар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына мүмкіндік береді.
Жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінде аяқталуы жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында. Аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков құрылыс нысандарын аралап, мердігер ұйымдарға құрылыс нормалары мен техникалық талаптарды қатаң сақтауды, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Бүгінде облыста білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жұмыстар мемлекеттік бақылаумен қатар қоғамдық жауапкершілік қағидаттарына негізделіп жүзеге асырылуда. Бұл – құқықтық қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттырумен бірге, мемлекеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді игерілуіне де ықпал етеді.
Сонымен қатар, өңірде білім беру саласында профилактикалық бақылау, құрылыс сапасына мониторинг жүргізу, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету және құрылыс талаптарының сақталуын қадағалау бағытындағы жұмыстар да тұрақты түрде жалғасуда. Мұндай тетіктер мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып, халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға қызмет етеді.
Айта кетерлігі, Мақтаарал ауданында биыл төрт мектепте күрделі жөндеу жүргізілумен қатар, тағы тоғыз білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл бастамалар білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, балалардың білім алу құқығын толыққанды қамтамасыз етуге, олардың қауіпсіздігін күшейтуге және сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

