ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысында құқықтық саясатты іске асыру аясында азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысының халыққа қолайлы әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру, тұрғын үйге қолжетімділікті кеңейту және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалары өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Құқықтық қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі – азаматтардың сапалы мемлекеттік қызмет алуына қолайлы жағдай жасау және тұрғындардың әлеуметтік құқықтарын толыққанды іске асыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды қалыптастыру. Осы мақсатта Түркістан облысының аудандары мен қалаларында мемлекеттік мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жаңа әкімшілік ғимараттар пайдалануға берілуде.

Осы жұмыстардың аясында Мақтаарал ауданындағы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдауси ауылында заманауи талаптарға сай жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Барлық инженерлік-коммуникациялық жүйелермен жабдықталған жаңа нысан мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін жедел қарауға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдетіп, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар өңірде тұрғындардың баспанаға қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік саясат та жүйелі түрде іске асырылуда. Фирдауси ауылында жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй жобасы халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға және тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Жоба аясында бой көтерген жаңа тұрғын үйлер қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Ауыз су, табиғи газ, электр энергиясы, автомобиль жолдары және абаттандыру жұмыстары тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне қажетті талаптарға сәйкес жүргізілуде. Сонымен бірге жаңа шағынауданда көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар атқарылып, тұрғындардың қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.

Жаңа тұрғын үйлердің ипотекалық және жалға беру тетіктері арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға ұсынылуы әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын іске асыруға және азаматтардың тұрғын үйге деген заңды құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі саналады. Бұл шаралар халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға да оң ықпал етеді.

Түркістан облысында құқықтық қамтамасыз ету бағытында жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыруға, азаматтардың өтініштерін сапалы қарауға және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету саласында цифрлық шешімдерді енгізу, қызмет көрсету сапасын бақылау және халықпен тиімді кері байланысты қалыптастыру мәселелеріне басымдық берілуде.