ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ НЫҒАЙТЫЛЫП, ХАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІ АРТТЫРЫЛУДА

Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру, төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін кеңейту және елді мекендердің қауіпсіздігін күшейту – өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр.

Осы мақсатта Жетісай ауданындағы Атамекен ауылдық округінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің жаңа өрт сөндіру бекетінің құрылысы жоспарланып отыр. Жоба ауылдық аумақтардағы азаматтық қорғау инфрақұрылымын дамытуға және халықтың қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Жаңа өрт сөндіру бекетінің іске қосылуы Атамекен және Жылы су ауылдық округтеріндегі 15 елді мекенге қызмет көрсетіп, 3559 тұрғын үй мен 13 білім беру ұйымының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Нәтижесінде өрт және басқа да төтенше жағдайларға әрекет ету уақыты қысқарып, авариялық-құтқару жұмыстарының тиімділігі артады.

Жоба аясында заманауи талаптарға сай жабдықталған өрт сөндіру бекетін салу көзделген. Онда арнайы техника мен байланыс жүйелері орналастырылып, құтқарушылардың тәулік бойы қызмет атқаруына қажетті жағдайлар жасалады. Сонымен қатар қызметкерлерге арналған оқу-жаттығу кабинеттері мен тұрмыстық бөлмелер қарастырылып, кәсіби даярлық пен қызмет сапасын арттыруға басымдық беріледі.

Бүгінде Жетісай ауданында бір мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі мен екі өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Бұл бөлімшелерде 8 арнайы техника мен 90-ға жуық маман тәулік бойы кезекшілік атқарып, төтенше жағдайлардың алдын алу, өрттерді сөндіру және тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау бағытында қызмет көрсетуде. Жаңа нысанның іске қосылуы осы жүйенің мүмкіндігін одан әрі кеңейтіп, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін күшейтеді.

Төтенше жағдайлар инфрақұрылымын дамыту – өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімінің маңызды құрамдас бөлігі. Халықтың қауіпсіздігіне бағытталған мұндай жобалар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, елді мекендердің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және орнықты дамуына берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.