ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ ҮЙЛЕСТІРУ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Түркістан облысында құқықтық саясатты тиімді іске асыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын негізге ала отырып, өңірде құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын жетілдіруге, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыруға және азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға ерекше басымдық беріліп келеді.

Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың бірі ретінде Түлкібас ауданында «Айқын нәтиже» пилоттық жобасы аясында құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен ведомствоаралық мәжіліс ұйымдастырылды. Жиында аудан аумағындағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларының тиімділігі жан-жақты сараланып, құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған өзекті мәселелер талқыланды.

Кеңес барысында қылмыстың алдын алу бағытында атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижелері қаралып, құқық бұзушылық тәуекелдерін төмендетудің жаңа тетіктеріне назар аударылды. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және көлік инфрақұрылымын қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру мәселелері де күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі болды. Осыған байланысты жол белгілерін жаңарту, қосымша белгілер орнату және жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар қарастырылды.

Жиын қорытындысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, жауапты мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктелді. Қабылданған шешімдер ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуге, профилактикалық жұмыстың нәтижелілігін арттыруға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Түркістан облысында құқықтық қамтамасыз ету саласында бейінді ведомстволардың бірлескен жұмысы құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алудың заманауи тетіктерін енгізуге негіз болып отыр. Мұндай кешенді жұмыстар өңірде құқықтық саясаттың тиімді іске асырылуына, мемлекеттік органдар қызметінің үйлесімділігін арттыруға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге маңызды үлес қосуда.