Түркістан облысында өнеркәсіп саласын дамыту, инвестиция тарту және экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы мақсатта Ордабасы ауданында құрылған «Темірлан» өндірістік паркі өңірдегі шағын және орта өндіріс орындарын дамытуға арналған маңызды индустриялық алаңдардың біріне айналып келеді. Жоба өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауданның инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етуде.
Жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын өндірістік парктің бірінші кезеңі аясында әрқайсысының көлемі 480 шаршы метр болатын бес өндірістік ангар пайдалануға берілді. Нәтижесінде жалпы өндірістік алаңы 2400 шаршы метрді құрайтын заманауи өндірістік инфрақұрылым қалыптастырылды.
Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында жалпы инвестициялық құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын бес өндірістік жоба іске асырылуда. Бұл жобалардың жүзеге асуы нәтижесінде 48 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Өндірістік парк толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Электрмен жабдықтау үшін 320 киловатт қуатқа техникалық шарт алынып, қажетті электр желілері тартылған. Сағатына 50 текше метр су өндіретін ұңғыма қазылып, ауыз су жүйесі іске қосылған. Сонымен қатар паркке дейін 2,8 шақырым асфальт жол салынып, көлік қатынасына қолайлы жағдай жасалған. Ал өткізу қабілеті сағатына 1540 текше метрді құрайтын жоғары қысымды газ құбырының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Өндірістік парк аумағында түрлі бағыттағы өндірістер қалыптасуда. Атап айтқанда, «Ayala» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сұйық және ұнтақ кір жуғыш заттар өндірісін іске қосса, «ALMEN GROUP» ұнтақ кір жуғыш заттарды өндіру және қаптау жұмыстарын жүзеге асыруда. «Биляль-Халид» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гидропоника технологиясы арқылы өнім өсіру, түйіршіктелген мал азығын өндіру және көкөніс өнімдерін консервілеу бағытындағы өндірісті дамытуда. Сонымен қатар «ҚАРАБАТЫР АГРО» металл бұйымдарын өндіруге, ал «FACADE COMPANY» шыны өнімдерін шығаруға арналған өндірістік желілерді іске қосуға дайындық жұмыстарын жүргізуде.
«Темірлан» өндірістік паркінде жүзеге асырылып жатқан жобалар Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, өңдеу өнеркәсібінің үлесін көбейтуге және жаңа өндірістердің қалыптасуына негіз қалап отыр. Сонымен қатар бұл бастамалар өңірдің инвестициялық ахуалын жақсартып, кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуге, экспортқа бағдарланған өнім көлемін ұлғайтуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға оң ықпал етуде.
Индустриялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мұндай жобалар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі саналады. Өндірістік парктердің әлеуетін тиімді пайдалану арқылы өңірде жаңа өндірістердің ашылуына, инновациялық жобалардың жүзеге асуына және экономиканың тұрақты дамуына берік негіз қалануда.

