Түркістан облысында құқықтық саясатты тиімді іске асыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң үстемдігін нығайту бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, өңірде нашақорлықтың және есірткінің заңсыз айналымының алдын алу, құқық бұзушылықтардың жолын кесу, сондай-ақ азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыруға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында өңірлік ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіліп, құқық қорғау және арнайы органдар, мемлекеттік мекемелер мен салалық құрылымдар бірлескен іс-шараларды тұрақты негізде іске асыруда. Негізгі басымдықтардың бірі – мемлекеттік шекара арқылы есірткі және психотроптық заттардың заңсыз тасымалын болдырмау, ұйымдасқан қылмыстық әрекеттердің жолын кесу және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Жыл басынан бері мемлекеттік шекара арқылы есірткі тасымалдаудың 30 әрекетінің жолы кесіліп, заңсыз айналымнан түрлі есірткі заттары тәркіленді. Сонымен қатар күмән тудыратын көлік құралдары мен жүктерді анықтауға арналған бақылау тетіктері жетілдіріліп, мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл тиімділігі арттырылды.
Өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде биыл есірткінің заңсыз айналымына қатысты 155 құқық бұзушылық анықталды. Қазіргі таңда синтетикалық есірткілердің интернет арқылы таралуына қарсы күреске ерекше мән беріліп, цифрлық технологиялар кеңінен қолданылуда. «Киберқадағалау» жүйесінің көмегімен жыл басынан бері 537 интернет-ресурс бұғатталып, заңсыз контенттің таралуына тосқауыл қойылды.
Құқықтық саясаттың маңызды бағыттарының бірі – профилактикалық жұмыстар арқылы қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Осы мақсатта өңірдегі мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және елді мекендерде 93 мыңнан астам тұрғынды қамтыған 883 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен бірге қоғамдық орындарда заңсыз есірткі жарнамасының таралуына қарсы рейдтер өткізіліп, 225 граффити жазуы жойылды. Бұл шаралар жастар арасында құқықтық сананы нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар сот-сараптама саласының материалдық-техникалық әлеуетін нығайту арқылы синтетикалық есірткілерге қатысты сараптамалардың сапасы мен жеделдігін арттыру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл құқық қорғау органдарының қылмыстарды жедел ашуына және заң талаптарының толық орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Түркістан облысында құқықтық саясатты іске асыру аясында құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, профилактикалық іс-шараларды күшейту және ведомствоаралық ықпалдастықты дамыту арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық берілуде. Бұл жұмыстар өңірде заң үстемдігін нығайтып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қауіпсіз қоғамдық ортаны қамтамасыз етуге негіз болып отыр.

