САРЫАҒАШТА СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТЕМІРЖОЛ ЖОБАЛАРЫ ӨҢІРДІҢ КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУДА

Түркістан облысында көлік инфрақұрылымын жаңғырту және халықаралық транзиттік әлеуетті арттыру бағытындағы ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Әсіресе, Сарыағаш ауданында іске асырылып жатқан теміржол саласындағы жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, көлік байланысын жетілдіруге және логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге тың серпін беруде.

Бүгінде өңірдің стратегиялық маңызы бар «Дарбаза–Мақтаарал» жаңа теміржол желісі аясындағы құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жоба аясында Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылдық округіне қарасты Ердәуіт елді мекенінде жаңа теміржол станциясының құрылысы қарқын алған.

Қазіргі таңда нысанда жер қазу жұмыстары, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін тарту және құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен орындалуда. Жобаның жүзеге асырылуы өңірдің көлік дәліздерін дамытуға, жүк тасымалының тиімділігін арттыруға және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жаңа теміржол станциясы болашақта өңірдің өндірістік және ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге негіз болады.

Сонымен қатар Сарыағаш қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Жоба жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, вокзалдың өткізу қабілетін кеңейтуге және заманауи талаптарға сай инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.

Қазіргі уақытта қайта жаңғырту жұмыстарының шамамен 50 пайызы аяқталған. Жоба аясында вокзал ғимаратының жалпы аумағы 449,1 шаршы метрден 558,54 шаршы метрге дейін ұлғайтылып, жолаушылар үшін қолайлы күту залдары, қызмет көрсету аймақтары және қажетті инженерлік жүйелер жаңартылады.

Жаңғырту аяқталғаннан кейін вокзалдың қызмет көрсету мүмкіндігі айтарлықтай артып, тәулігіне 145–155 жолаушыға қызмет көрсетуге және тәулігіне бес жұп жолаушылар пойызын қабылдауға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың көлік қызметіне қолжетімділігін жақсартып, өңіраралық және халықаралық бағыттар бойынша жолаушылар тасымалының сапасын жаңа деңгейге көтереді.

Теміржол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған мұндай жобалар Түркістан облысының транзиттік әлеуетін нығайтып, халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін арттыруға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Сонымен қатар өңірдің көлік-логистикалық жүйесінің дамуы кәсіпкерлік белсенділікті жандандырып, экономиканың тұрақты өсуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға берік негіз қалыптастырады.