Түркістан қаласында туристік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, келушілерге ұсынылатын қызметтердің сапасын жақсартуға және өңірдің туристік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған Smart Shuttle Bus Turkistan экскурсиялық көлік жобасы іске қосылды. Жаңа бастама тарихи шаһардың көрікті орындарын бірыңғай маршрутпен байланыстырып, туристерге қолайлы әрі заманауи сервис ұсынуға мүмкіндік береді.
Жобаның жұмысымен алғашқылардың бірі болып Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы танысты. Қала басшысы жаңа форматтағы экскурсиялық автобустың техникалық мүмкіндіктерін, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздік талаптарының сақталуын зерделеп, туристік инфрақұрылымды халықаралық талаптарға сай дамыту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Жаңа маршрут Түркістан қаласының негізгі туристік, мәдени және әлеуметтік нысандарын өзара байланыстырады. Экскурсиялық бағыт халықаралық әуежайдан басталып, теміржол вокзалы, Жаңа мешіт, Ботаникалық бақ, Мұз сарайы, Әкімшілік-іскерлік орталық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Керуен-сарай» туристік кешені, Қолөнершілер орталығы, Этноауыл, Ескек есу арнасы, Гауһар ана кесенесі және Орталық базар арқылы өтеді. Бұл туристердің қаланың маңызды нысандарын бір бағыт бойынша еркін аралауына мүмкіндік береді.
Жоба аясында цифрлық технологиялар кеңінен енгізілген. Туристер QR-код арқылы билет сатып алып, Turkistan Pass жүйесінің 1 және 3 күндік пакеттерін пайдалана алады. Сонымен қатар үш тілде жұмыс істейтін аудиогид, Telegram және WhatsApp чат-боттары, онлайн карта және GPS мониторингі секілді сервистер қолжетімді. Бұл шешімдер туристердің бағытты алдын ала жоспарлап, автобустың нақты уақыттағы қозғалысын бақылауына жағдай жасайды.
Экскурсиялық автобустар жолаушылардың жайлылығы үшін Wi-Fi желісімен, кондиционерлермен және USB қуаттау құрылғыларымен жабдықталған. Көлік қатынасының аралығы 15–20 минутты құрайды. Автобустар күн сайын таңғы сағат 08:00-ден кешкі 23:00-ге дейін Визит орталығының автотұрағы мен «Керуен-сарай» кешені алдынан тұрақты қатынайды.
Сыйымдылығы 65 орындық заманауи экскурсиялық автобустың билет құны балалар үшін – 2 000 теңге, ересектер үшін – 3 000 теңге. Қызмет құнына көлікпен тасымалдау, кәсіби гидтің сүйемелдеуі және координатор қызметі енгізілген.
Туристік көлік қызметінің іске қосылуы – Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстардың жалғасы. Соңғы жылдары өңірде халықаралық стандарттарға сай инфрақұрылым қалыптасып, жаңа туристік нысандар пайдалануға беріліп, цифрлық сервистер кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл өз кезегінде туристер үшін қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, қызмет көрсету саласының дамуына, кәсіпкерліктің жандануына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңір экономикасының тұрақты өсіміне оң ықпал етеді.
Smart Shuttle Bus Turkistan жобасы Түркістанның заманауи туристік бағыттағы қалалар қатарындағы орнын нығайтып, өңірдің инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ ішкі және халықаралық туризмді дамытуға тың серпін беретін маңызды бастамалардың бірі болып саналады.

