ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫНДАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫ ҚАЛЫПТАСТЫРЫЛУДА

Түркістан қаласында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және жайлы демалыс орындарын көбейтуге бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қаланың заманауи келбетін қалыптастырумен қатар, халыққа қолайлы қоғамдық кеңістіктер құруға ерекше мән берілуде. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Ескек есу арнасы аумағында қолға алынған жаңа демалыс аймағы.

Жоба аясында су арнасының шамамен 1 шақырым бөлігі абаттандырылып, тұрғындар мен қала қонақтарына арналған заманауи жағажай аумағы қалыптастырылуда. Жаңа демалыс орны жазғы маусымда қала тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы тынығуына мүмкіндік беріп, Түркістандағы қоғамдық кеңістіктердің қатарын толықтырмақ.

Демалыс аумағында келушілерге қажетті барлық жағдай қарастырылған. Мұнда суға түсуге арналған арнайы орын, құтқару мұнарасы, пирс, киім ауыстыратын бөлмелер, санитарлық тораптар және көлеңкелі демалыс орындары жасақталуда. Сонымен қатар жағажай аумағында шезлонгтар, балаларға арналған ойын-сауық алаңдары, су сырғанақтары, спорттық алаңдар, қайық пен катамаран қызметтері және түрлі белсенді демалыс түрлеріне арналған нысандар орналастырылады.

Жаңа демалыс орнының басты басымдықтарының бірі – қауіпсіздік. Осы мақсатта құтқару қызметінің мамандары арнайы дайындықтан өткізіліп, төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары ұйымдастырылуда. Сонымен бірге су сапасы санитариялық талаптарға сәйкестігін анықтау үшін тұрақты бақылаудан өтіп, зертханалық тексерулер жүргізілуде.

Қоғамдық кеңістікті дамыту тек демалыс орындарын көбейтумен шектелмей, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруге, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Мұндай жобалар қала тұрғындары үшін қолжетімді әрі жайлы орта қалыптастырып, Түркістанның туристік тартымдылығын да арттыра түседі.

Ескек есу арнасындағы жаңа жағажай аймағы толық іске қосылғаннан кейін қала тұрғындары мен қонақтарына арналған заманауи демалыс орындарының біріне айналады. Бұл бастама Түркістанды жайлы, жасыл әрі тұрғындарға қолайлы қала ретінде дамыту бағытындағы жұмыстардың маңызды бөлігі болып табылады.