Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және өңірдің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде облыста қарқынды бау шаруашылығы дамып, отандық нарықты сапалы жеміс-жидек өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа жобалар жүзеге асырылып келеді.
Сауран ауданындағы Жаңа Иқан ауылдық округінде осындай заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған жеміс шаруашылығының бірі өнім жинау кезеңіне жетті. Мұндағы 70 гектар аумақты алып жатқан қарқынды алма бағы өңірдегі аграрлық өндірістің жаңа үлгісін көрсетіп отыр. Бақта жоғары өнімділікке бағытталған технология қолданылып, әр гектарға мыңдаған алма көшеті отырғызылған.
Шаруашылықта су үнемдеу технологияларына ерекше мән берілген. Алқап толықтай тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған. Бұл әдіс табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, өсімдіктердің тұрақты дамуына және өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Заманауи агротехнологияларды қолдану арқылы шаруалар еңбек өнімділігін арттырып, сапалы өнім алуға қол жеткізуде.
Биылғы маусымда алма бағынан жоғары өнім күтілуде. Әр ағаштан орта есеппен 20 келіге дейін өнім алу жоспарланып, қазіргі уақытта егістік алқаптарындағы жинау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Алғашқы кезеңде бақтың бір бөлігі толықтай жиналып, қалған аумақтағы өнімді жинау жұмыстары жалғасуда.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оны сақтау және өңдеу инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілуде. Осы мақсатта шаруашылық аумағында заманауи сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Арнайы жабдықталған нысан жеміс өнімдерін ұзақ уақыт бойы сапасын жоғалтпай сақтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты жыл бойы тұрақты түрде отандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.
Қарқынды бау шаруашылығы – Түркістан облысының аграрлық секторындағы перспективалы бағыттардың бірі. Мұндай жобалар ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін арттыруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Бүгінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және заманауи өндіріс тәсілдерін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және ауылдардың тұрақты дамуына жаңа мүмкіндік беруде.

