САРЫАҒАШ ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ БИЫЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Түркістан облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның бірі – Сарыағаш ауданындағы «Сарыағаш» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары. Бұл жоба аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында қайта жаңғыртылып жатқан «Сарыағаш» теміржол вокзалының құрылыс барысымен танысты. Өңір басшысы нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасын жіті тексерді. Жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне нақты міндеттер жүктеп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Әкім құрылыс сапасы басты назарда болуы тиіс екенін атап өтіп, жұмысты жеделдетуді және нысанды уақытылы пайдалануға беруді міндеттеді.

Бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Жоба аясында вокзал ғимаратының жалпы аумағы 449,1 шаршы метрден 558,54 шаршы метрге дейін кеңейтілуде. Нәтижесінде күту залдары жаңартылып, инженерлік жүйелер заманауи талаптарға сай қайта жабдықталып, жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қатынауына ерекше көңіл бөлінген.

«Сарыағаш» теміржол вокзалы тәулігіне 145-155 жолаушыға қызмет көрсетіп, күніне бес жұп пойызды қабылдайды. Сондықтан вокзалдың жаңартылуы тек аудан тұрғындары үшін ғана емес, өңірге келетін туристер мен шекаралық бағытта қатынайтын жолаушылар үшін де маңызды жобалардың бірі саналады.

Түркістан облысында көлік инфрақұрылымын жаңғырту – өңірдің экономикалық әлеуетін арттырудың негізгі бағыттарының бірі. Заманауи талаптарға сай салынған және жаңартылған нысандар тұрғындарға сапалы қызмет көрсетумен қатар, инвестициялық тартымдылықты арттырып, туризмнің дамуына да оң әсерін тигізеді.

Құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың тамыз айының соңына дейін толық аяқтап, вокзалды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңарған «Сарыағаш» теміржол вокзалы өңірдің заманауи келбетін айшықтап, Түркістан облысының қарқынды дамуының тағы бір жарқын көрінісіне айналмақ.