Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және азық-түлік өндірісін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде өңірдегі кәсіпорындар өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, сыртқы нарыққа шығуға мүмкіндік алып отыр. Бұл өңір экономикасының әртараптануына, импортқа тәуелділіктің төмендеуіне және экспорттық әлеуеттің артуына оң ықпал етуде.
Өңірдегі осындай серпінді жобалардың бірі – Түркістан қаласында жұмыс істейтін «Milkart» сүт өңдеу кәсіпорны. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны табиғи шикізатты терең өңдеп, жоғары сапалы сүт өнімдерін шығаруды жолға қойған. Қазіргі таңда кәсіпорында тәулігіне бірнеше ондаған тонна сүт өңделіп, тұтынушыларға 48 түрлі өнім ұсынылады. Олардың қатарында пастерленген сүт, айран, қаймақ, сүзбе, сарымай және өзге де сүт өнімдері бар.
Бүгінде кәсіпорынның өнімдері Түркістан және Кентау қалаларының сауда орындарына тұрақты жеткізіліп келеді. Сонымен бірге әлеуметтік дүкендер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері арқылы тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынылып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда.
Кәсіпорын алдағы кезеңде өндіріс көлемін бірнеше есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта жаңа технологияларды енгізу және өндірістік қуатты кеңейту жұмыстары қолға алынған. Жобаның жүзеге асуы Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай нарығына экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік беріп, өңірдің сыртқы сауда әлеуетін күшейтеді.
Өндірісті дамытуда мемлекеттік қолдау тетіктері маңызды рөл атқаруда. Кәсіпорын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бағдарламасы аясында жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндігін пайдаланып, халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді.
Қазіргі уақытта өндіріс орнында жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс көлемінің ұлғаюы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өңдеу өнеркәсібінің үлесінің артуына және өңір экономикасының нығаюына ықпал етеді.
Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібіне бағытталған осындай инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың санын көбейтуде. Бұл өз кезегінде жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, «Қазақстанда жасалған» брендінің халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

