ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫНА СЕРПІН БЕРЕТІН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Түркістан облысында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру және жастардың рухани дүниесін байытуға бағытталған маңызды бастама қолға алынды. Осы мақсатта Түркістан қаласында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен Түркістан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков, зиялы қауым өкілдері, білім және мәдениет саласының мамандары қатысты.

Кездесу барысында тараптар өңірде «Кітап оқитын ұлт» жобасын тиімді іске асыру тетіктерін талқылап, бастаманы үйлестіру үшін арнайы жобалық кеңсе құру мәселесін қарастырды. Сондай-ақ жобаны аудандық және қалалық деңгейде жүйелі жүзеге асыру, әдістемелік қолдау көрсету және барлық мүдделі мекемелердің өзара іс-қимылын күшейту бағытындағы жоспарлар пысықталды.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасы қоғамның рухани жаңғыруына бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан секілді тарихи-рухани құндылықтардың алтын бесігі саналатын өңірдің бұл жобаға белсенді қосылуы ерекше мәнге ие.

Меморандум аясында облыста кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады. Атап айтқанда, мемлекеттік мекемелер, білім беру ұйымдары, мәдениет ошақтары, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық қоғам өкілдері бірлесіп жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар республикалық кітап оқу марафоны ұйымдастырылып, оқырмандарды кітапқа баулитын түрлі әдеби жобалар, кездесулер мен танымдық акциялар өткізілмек.

Жобаның басты мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қоғамда оқу мәдениетін орнықтыру, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу және білімге құштар ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ету. Сонымен қатар цифрлық платформалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы облыс тұрғындарының кітаптарға қолжетімділігін кеңейту көзделіп отыр.

Бұл бастама Түркістан облысында білім мен руханиятты дамытуға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және қоғамда кітап оқуды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.