ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІ ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ

Түркістан облысында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және халықаралық сауда байланыстарын кеңейту бағытындағы ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Сарыағаш ауданында қайта жаңғыртылып жатқан «Жібек жолы» кеден бекеті. Аталған жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданына барып, қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Нысанды аралау барысында құрылыс сапасы мен жұмыс қарқынына ерекше назар аударылып, жауапты мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар берілді.

Жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті. Бас мердігер – «Ontustik Constraction» ЖШС, ал құрылыс жұмыстарын BI Group компаниясы жүзеге асыруда. Жалпы құны 11,6 млрд теңгені құрайтын жоба өңірдің экономикалық инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.

Жаңғыртудан кейін кеден бекеті халықаралық стандарттарға сай заманауи талаптармен жабдықталып, өткізу қабілеті айтарлықтай артады. Алты жолақты жаңа бекет тәулігіне 70 мың адамды, 2 мың автокөлікті және 200 автобусты қабылдай алады. Бұл шекара арқылы жолаушылар мен жүк тасымалының жылдамдығын арттырып, сыртқы сауда айналымының ұлғаюына және логистикалық қызметтердің тиімділігін күшейтуге ықпал етеді.

Сонымен қатар кеден бекетінің әкімшілік және қызметтік ғимараттары бұрынғыдан екі есеге жуық кеңейтілді. Соның нәтижесінде шекаралық бақылау мен кедендік рәсімдеу үдерістері оңтайландырылып, азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қызмет сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталған. Бүгінде инженерлік инфрақұрылым толық аяқталып, сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.