ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМ САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП, ТУРИСТЕР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында туризмді өңір экономикасының маңызды драйверіне айналдыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, туристік инфрақұрылымның дамуы және сервистік қызмет сапасының артуы нәтижесінде өңірге келушілер саны тұрақты өсім көрсетуде.

2026 жылдың қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 143 100 турист саяхаттап келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,6 пайызға жоғары көрсеткіш. Келушілердің 77,8 пайызы – ішкі туристер болса, 22,2 пайызын шетелдік қонақтар құрады. Өңірдегі туризм саласының даму көрсеткіштері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды.

Жиында облыс әкімі туризмнің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесінің артып келе жатқанын атап өтіп, туристерге көрсетілетін қызмет сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру, туристік бағыттарды кеңейту, гидтерді даярлау және қайта даярлау жұмыстарын күшейту, сондай-ақ инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуетін халықаралық және ішкі нарықтарда тиімді ілгерілету, цифрлық платформалар арқылы жарнамалық жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.

«Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері облысқа 31 823 шетелдік турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,2 пайызға артық. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Франция, Германия, Ұлыбритания, Жапония және Оңтүстік Кореядан келген. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының халықаралық туристік бағыт ретіндегі тартымдылығының жылдан-жылға артып келе жатқанын айғақтайды.

Өңірдің табиғи туристік әлеуеті де сұранысқа ие болып отыр. Есепті кезеңде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен табиғи демалыс орындарына 60 100 адам келіп, келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға өсті.

Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш 36,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артты. Бұл өңірде жаңа туристік нысандардың салынуына, қызмет көрсету сапасының жақсаруына және туристік инфрақұрылымның дамуына мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі уақытта Түркістан облысында 11 туроператор, 45 туристік агенттік және 43 сертификатталған гид туристерге қызмет көрсетеді. Сала мамандарының біліктілігін арттыру, сервистік мәдениетті жетілдіру, бірыңғай ақпараттық жүйені дамыту және гидтерге арналған цифрлық сервистерді енгізу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда.

Өңірдің көлік қолжетімділігі де жақсарып келеді. Бүгінде Түркістан халықаралық әуежайы арқылы 9 тұрақты әуе бағыты бойынша рейстер орындалады. Оның ішінде 7 ішкі және 2 халықаралық бағыт жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар Түркістан облысында оқиғалық туризмді дамытуға ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері өңірде 50-ден астам халықаралық және республикалық іс-шара өткізіліп, оларға 100 мыңға жуық адам қатысты. Атап айтқанда, Turkistan Night Run халықаралық марафоны, Ethno Fashion Show, қолөнершілер көрмелері, TEDx Turkistan конференциясы, түрлі бизнес-форумдар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.