ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЕЛДЕГІ ЕҢ ЖОҒАРЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ҚАРҚЫНЫН КӨРСЕТТІ

2026 жылдың қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, еліміздегі көшбасшы өңірлердің қатарынан көрінді. Есепті кезеңде қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, облыс республика бойынша бірінші орынға шықты.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалу барысы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты сараланды. Жиында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалу деңгейі, салалардағы даму қарқыны және бюджет кірістерінің орындалуы қаралды.

Мәжіліс барысында Қанат Қайыпбек жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне жоспарланған көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, экономикалық өсімнің тұрақты қарқынын сақтап, әрбір саладағы межелі индикаторларға қол жеткізу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне сәйкес, есепті кезеңде өңір экономикасының барлық негізгі салаларында оң өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 722,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 131,9 пайызды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 346,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 149,7 пайызға жетті. Бұл жоспарланған деңгейден едәуір жоғары көрсеткіш болды. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 312,7 млрд теңгені құрап, 119 пайыздық өсім тіркелді.

Аграрлық сектор да тұрақты даму қарқынын сақтап отыр. Қаңтар–мамыр айларында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 259,5 млрд теңгеге жетіп, өсім 110,7 пайызды құрады.

Өңірге инвестиция тарту көрсеткіштері де айтарлықтай жақсарды. Жыл басынан бері негізгі капиталға 614,2 млрд теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,5 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Бұл облыстағы инвестициялық белсенділіктің жоғары екенін және жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігін көрсетеді.

Экономиканың өзге салаларында да тұрақты өсім байқалды. Сауда көлемі 356,3 млрд теңгені құрап, 119,7 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 134,2 млрд теңгеге жетіп, 108,3 пайызға артты. Сонымен қатар 353,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 115,6 пайыздық өсімге қол жеткізілді.