ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕРДІ ДАМЫТУ АРҚЫЛЫ ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Түркістан облысында өндірістік инфрақұрылымды дамыту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты қаралып, өндірістік парктердің құрылыс барысы, инвестициялық жобалардың іске асырылуы және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары талқыланды.

Бүгінде өңірде кәсіпкерлікті қолдауға және өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған 29 шағын өндірістік парк құрылып, олардың аумағында 275 өндірістік ғимараттың құрылысы қолға алынған. Қазіргі таңда 150 нысан пайдалануға беріліп, өндірістік қызметін бастаған. Жалпы құны 226,9 млрд теңгені құрайтын 269 инвестициялық жоба қалыптастырылса, оның 98-і өндірісін іске қосты.

Өндірістік парктерде өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріліп, түрлі бағыттағы жаңа кәсіпорындар кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Сауран ауданындағы Шаға өндірістік паркінде жиһаз, сэндвич-панель және металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастаса, ауданның өзге өндірістік алаңдарында құрылыс материалдары мен металл өңдеу бағытындағы жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Өңірдің басқа аудан-қалаларында да өндірістік әлеует артып келеді. Шардара ауданында модульді және капсулалық үйлер, термопанельдер, қасбеттік және сәндік құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылды. Отырар ауданында металл бұйымдарын, құрама жемді, жеміс өнімдерін сублимациялық әдіспен өңдейтін және құрылыс материалдарын шығаратын өндірістер жұмысын бастады.

Сонымен қатар Төлеби ауданында полиэтилен өнімдері, пластик есік-терезелер, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылса, Қазығұрт ауданында бал шаруашылығына арналған өнімдер, матрас және пластик қалдықтарын қайта өңдеу жобалары жүзеге асырылуда. Жетісай ауданында жиһаз өндірісі, металл өңдеу және дәнекерлеу цехтары ашылса, Созақ ауданында төрт өндірістік жоба пайдалануға беріліп, дайын өндірістік ғимараттар кәсіпкерлердің игілігіне ұсынылды.

Бұдан бөлек, Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарында өндірістік парктердің құрылысын аяқтау, инженерлік желілерді жүргізу және жаңа инвесторларды тарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Мәжілісте өндірістік парктердің тиімділігін арттыруға кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселелер де көтерілді. Атап айтқанда, кейбір өндірістік аймақтарды электр энергиясымен қамтамасыз ету, құрылыс қарқынын жеделдету және инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде іске қосу мәселелері талқыланып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.