Түркістан облысында туризмді экономиканың басым бағыттарының біріне айналдыру және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Түркістан қаласында салынып жатқан еліміздегі бірегей туристік нысандардың бірі «Turan» аквапарк-су саябағы. Жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын құруға, қызмет көрсету саласын дамытуға және инвестициялық белсенділікті күшейтуге бағытталған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына барып, жобаның орындалу барысымен танысып, жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Ауқымды инвестициялық жоба «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 160-қа жуық маман еңбек етуде. Құрылыс жұмыстары үш кезең бойынша жүргізіліп, инвестордың жоспарына сәйкес алғашқы кезеңді биылғы тамыз айында пайдалануға беру көзделген.
Жобаның құрылысы биыл наурыз айында басталды. Жалпы аумағы 11,7 гектарды қамтитын туристік-сауықтыру кешені толық іске қосылғаннан кейін жылына 200 мыңға дейін туристі қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл нысан Түркістан тұрғындары мен қала қонақтарына халықаралық талаптарға сай демалыс және ойын-сауық қызметтерін ұсынатын заманауи туристік орталыққа айналады.
Құрылыс барысын бағамдаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістанға келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан халықаралық деңгейдегі жаңа туристік нысандардың іске қосылуы ішкі және сыртқы туризмнің дамуына, кәсіпкерліктің өркендеуіне және өңір экономикасының нығаюына оң әсер етеді.
Өз кезегінде жобаны жүзеге асырушы «Turkistan Onelee Cultural Tourism Investments Co. Ltd.» компаниясының директоры Яньтао Ли Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтып, өңір басшылығы тарапынан көрсетіліп отырған қолдау үшін алғысын білдірді.
Жоба аясында 67 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Құрылыс толықтай 2028 жылы аяқталады. Бірінші кезеңде келушілерді қабылдау және тіркеу орталығы, киім ауыстыру бөлмелері, бассейндер мен су аттракциондары пайдалануға беріледі. Кейінгі кезеңдерде заманауи қонақүй, мейрамханалар, отбасылық демалыс аймақтары, алып толқынды бассейндер және халықаралық стандарттарға сай ойын-сауық инфрақұрылымы салынады.

