Түркістан облысында туризмді экономиканың жаңа өсу нүктесіне айналдыру бағытындағы жұмыстар қарқын алуда. Мемлекет басшысының өңірлердің туристік әлеуетін тиімді пайдалану, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында облыста халықаралық талаптарға сай туристік инфрақұрылымды қалыптастыруға басымдық берілуде.
Осы бағыттағы стратегиялық жобалардың бірі – Төлеби ауданындағы Қасқасу тау бөктерінде халықаралық деңгейдегі экологиялық тау-курортты қалашық салу бастамасы. Жоба Түркістан облысының туристік әлеуетін арттырумен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестициялық белсенділіктің күшеюіне және сервистік экономиканың өркендеуіне жаңа мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру мәселелері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тау туризмі және курорттық инфрақұрылым саласындағы халықаралық компания өкілдерімен өткен кездесуінде жан-жақты талқыланды. Тараптар Қасқасуды халықаралық стандарттарға сәйкес дамытып, Орталық Азиядағы жетекші тау-туристік орталықтардың біріне айналдыру бағытындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.
Жоспарға сәйкес, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан тау аймағында заманауи экологиялық курорт салынады. Мұнда ерекше сәулеттік шешімдермен бой көтеретін қонақүйлер, отбасылық демалыс орындары, бизнес және қоғамдық кеңістіктер, спорттық-сауықтыру кешендері мен ойын-сауық нысандары орналастырылады. Барлық құрылыс жұмыстары табиғи ландшафтты сақтауға негізделіп, экологиялық қауіпсіз технологиялар мен табиғи материалдарды пайдалану қағидатымен жүзеге асырылады.
Жоба аясында туристерге қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Заманауи аспалы жолдар салынып, тау бөктеріндегі негізгі туристік нысандар өзара байланыстырылмақ. Сонымен бірге төрт мезгіл бойы үздіксіз жұмыс істейтін туристік кешен құру көзделіп отыр. Бұл Қасқасуды тек қысқы демалыс орны ғана емес, жыл бойы туристер қабылдайтын халықаралық курорт ретінде дамытуға мүмкіндік береді.
Тұжырымдамада табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесі де басты назарда. Жоба аясында көлемі шамамен 3 миллион текше метр болатын су жинау жүйесін қалыптастыру жоспарланған. Бұл жүйе қар мен мұз суын тиімді пайдаланып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және туристік нысандардың қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Болашақ тау-курорт кешенінің барлық қызметі заманауи цифрлық технологиялар арқылы басқарылады. Жасанды интеллект элементтері туристік ағындарды басқаруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, энергия тиімділігін арттыруға және қызмет көрсету сапасын жетілдіруге бағытталады. Осы арқылы Қасқасу Қазақстандағы ең инновациялық туристік жобалардың біріне айналмақ.
Сарапшылардың бағалауынша, бұл жоба Түркістан облысының халықаралық туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, өңірге келетін туристер санын бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылыс кезеңінде және жоба толық іске қосылғаннан кейін 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

