ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА ЖАҢА СЕРПІН БЕРЕДІ

Түркістан облысында инвестиция тарту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өңір экономикасының жаңа бағыттарын дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың Shaanxi Silk Road City Holding Group Co., Ltd. компаниясының бас директоры Юань Чжао Хуэймен және компанияның Қазақстандағы филиалының өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында Түркістан облысында заманауи жылыжай кешендерін дамыту, гүл шаруашылығын өркендету және елді мекендерді көгалдандыруға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жергілікті шаруалармен әріптестік орнату, сәндік гүлдер мен ағаш көшеттерін өсіру, инновациялық жылыжай технологияларын енгізу және экспортқа бағдарланған өндірісті дамыту бағыттары қарастырылды.

Облыс әкімі Түркістан өңірінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, ауыл шаруашылығы саласына озық технологиялар мен халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған бастамаларға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және өңір экономикасының тұрақты дамуына оң әсер етеді.

Нұралхан Көшеров жақында Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында шетелдік инвесторлармен нәтижелі келіссөздер жүргізілгенін айтып, бүгінде екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңге көтерілгенін атап өтті. Сондай-ақ Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайы жылыжай шаруашылығын, гүл өсіру мен сәндік ағаш көшеттерін өндіруді дамытуға қолайлы екенін жеткізіп, жергілікті шаруалармен өзара байланыс орнатуға қолдау көрсетілетінін айтты.

Кездесу барысында компания өкілдері Түркістан облысында гүл шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытып отырғандарын мәлімдеді. Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында бұталы раушан гүлдерін тәжірибелік негізде өсіру жұмыстары басталған. Егер сынақ нәтижелері сәтті аяқталса, гүл өсірілетін алқаптың көлемін 20 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Инвесторлардың айтуынша, өндірілетін гүл өнімдеріне Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей нарығында сұраныс жоғары. Сондықтан Түркістан облысында экспортқа бағытталған гүл шаруашылығы өндірісін дамыту өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, жаңа инвестиция тартуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында компания өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген гүлдер мен сәндік ағаштардың бірнеше түрін тәжірибелік негізде отырғызуды бастауға келісті. Сынақ кезеңінің нәтижелері оң болған жағдайда жобаны кеңейту және оны іске асыруға қажетті мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану мәселелері қарастырылатын болады.