САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік кешеннің өндірістік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта Сарыағаш ауданында мал шаруашылығын дамытуға арналған инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, өңір экономикасының тұрақты өсуіне өз үлесін қосуда.

Осы орайда Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округіне қарасты Келес елді мекенінде орналасқан «KZ-21» мал бордақылау алаңының өндірістік қызметімен танысты. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы шаруашылықтың қазіргі жағдайын зерделеп, кәсіпорын ұжымымен пікір алмасты. Сонымен қатар мал шаруашылығы саласын одан әрі дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

Аудан әкімі ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы Сарыағаш ауданы экономикасының стратегиялық бағыттарының бірі екенін атап өтіп, мұндай инвестициялық жобалар жергілікті экономиканың дамуына серпін беретінін жеткізді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік жобаларды қолдау шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын айтты.

Аталған «KZ-21» мал бордақылау алаңы 2021 жылы іске қосылған. Кәсіпорынның жалпы сыйымдылығы 2000 басқа дейін ірі қара малды бордақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда шаруашылықта 1000 басқа жуық қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малы күтіп-бағылуда.

Кәсіпорын директоры – Қайрат Тастанбеков. Шаруашылықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Малдарды күтіп-бағу, азықтандыру және ветеринариялық бақылау жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Өндірілген ет өнімдері ішкі нарыққа шығарылып, өңірдің азық-түлік нарығын сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлес қосуда.