ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жаңғырту және медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соңғы жылдары өңірде жаңа медициналық нысандардың салынуы, ауылдық елді мекендерді алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарымен қамту және материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша ауқымды жобалар іске асырылды.

Түркістан облысы құрылғаннан бергі кезеңде өңірде жалпы саны 134 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға және өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің сапасын жақсартуға бағытталды.

Осы жылдар ішінде облыста жаңа емханалар, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық пункттер мен жедел жәрдем нысандары кезең-кезеңімен іске қосылды. Сонымен қатар пандемия кезеңінде өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілді. Ал соңғы жылдары ауылдық жерлерде медициналық инфрақұрылымды дамытуға ерекше басымдық беріліп, ондаған жаңа алғашқы медициналық көмек нысандары ашылды.

2025 жылы Түркістан қаласында балаларды оңалту орталығы жұмысын бастап, өңірдегі оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар жаңа дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және медициналық пункттердің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тұрғындарды алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамту деңгейі айтарлықтай жақсарды. Әсіресе шалғай ауылдардағы халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі артып, профилактикалық тексерулердің, ерте диагностиканың және аурулардың алдын алу шараларының тиімділігі күшейді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және халық денсаулығын нығайтуға оң әсерін тигізуде.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау нысандарының құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтау, медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.

Қазіргі таңда облыс аумағында 24 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық пункттер мен жедел жәрдем қызметінің жаңа дислокациялары бар. Бұл жобалардың іске асуы нәтижесінде өңір тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігі артып, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі жаңа деңгейге көтеріледі.