ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының прокуратурасы бастамасымен «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында балалардың құқықтарын қорғау, құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған ауқымды онлайн кездесу өткізілді.

Аталған іс-шара құқықтық саясатты іске асыру, балалардың қауіпсіздігін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстар шеңберінде ұйымдастырылды. Кездесуге 300 мыңға жуық оқушы, ата-аналар, педагогтар, психологтар және өңір тұрғындары қатысты.

Іс-шара барысында балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқықтық және әлеуметтік сипаттағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, құқықбұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл, суицидтің профилактикасы, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік, интернет-алаяқтық, дроперлік әрекеттердің зардаптары, сондай-ақ балалардың күнделікті өміріндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кездесу барысында құқықтық ағарту және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру, балалардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру және оларды ақпараттық кеңістіктегі қауіптерден қорғау бағытындағы заңнамалық тетіктер мен құқықтық қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылды.

Облыс прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов өз сөзінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде ата-аналар, білім беру ұйымдары, психологтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығына тоқталып, құқықтық тәрбиені күшейту — құқықбұзушылықтардың алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру, профилактикалық жобаларды кеңейту және құқықтық түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізу мәселелері де назарға алынды. Онлайн кездесу барысында келіп түскен сұрақтар мен ұсыныстар алдағы уақытта жан-жақты зерделеніп, құқықтық саясатты одан әрі жетілдіру және тиімді іске асыру бағытында тиісті шаралар қабылданатын болады.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру — прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.