ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ФЛОАТ-ШЫНЫ ӨНДІРІСІН ІСКЕ ҚОСУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортты алмастыруға бағытталған жаңа ірі инвестициялық жоба – флоат-шыны өндіру кешенін іске асыру мәселелері қарастырылуда. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек шетелдік инвесторлармен кездесу өткізіп, жобаның негізгі бағыттары мен жүзеге асыру тетіктерін жан-жақты талқылады.

Кездесу барысында тараптар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, сондай-ақ жер телімдері мен инженерлік-инфрақұрылымдық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Облыс әкімдігі инвестициялық бастамаларды қолдауға дайын екенін және жобалардың заң аясында толық сүйемелденетінін жеткізді.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 220 млн АҚШ долларын құрайды. Ауқымды өндірістік кешен екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде жылдық қуаттылығы 480 мың тоннаға дейін жететін жоғары сапалы флоат-шыны өндіретін зауыт салу жоспарланған. Бұл кәсіпорын құрылыс индустриясы мен ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Екінші кезеңде жылдық қуаттылығы 350 мың тонна болатын кварц құмын өндіру кешенін және қосымша өндірістік нысандарды іске қосу көзделіп отыр. Бұл толық өндірістік тізбекті қалыптастырып, шикізаттан дайын өнімге дейінгі циклді қамтуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек жобаның стратегиялық маңызын атап өтіп, Түркістан облысының өнеркәсіптік дамуына серпін беретінін жеткізді.

– Бұл жоба тек өңір үшін ғана емес, жалпы еліміздің индустриялық әлеуетін арттыруға зор үлес қосады. Өңірде шыны өнімдерін өндіруді дамытуға қажетті ресурстық база бар. Қазығұрт және Созақ аудандарында кварцты құмның ірі қорлары шоғырланған. Сондықтан бұл бағыттағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндік қарастырылған, – деді ол.

Айта кету керек, инвесторлар бұған дейін өңірдегі кварцты құм кен орындарын зерттеп, зертханалық талдаулар жүргізген. Алынған нәтижелер мен компанияның директорлар кеңесі қабылдаған шешім негізінде жобаны Түркістан облысында іске асыру туралы шешім қабылданған.

Жобаны жүзеге асыратын компания ғылыми-зерттеу, өндіріс және сату бағыттарын біріктіре отырып, жоғары сапалы шыны өнімдерін өндірумен айналысады. Бүгінде компанияда 18 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді, бұл оның халықаралық деңгейдегі ірі өндірістік құрылым екенін көрсетеді.

Сарапшылардың мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда шыны өнімдеріне деген сұраныс жоғары деңгейде қалып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шыны импорты 277 млн АҚШ долларын құраса, экспорт көлемі 46 млн АҚШ долларына тең болған. Бұл ішкі нарықта импортты алмастыруға бағытталған өндірістерді дамыту қажеттігін айқындай түседі.

Жобаның іске асуы Түркістан облысының индустриялық картасында жаңа өндірістік бағыт қалыптастырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.