ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ТУРИЗМ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН «ОРДАБАСЫ САПАР ОРТАЛЫҒЫ» ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысының Ордабасы ауданында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және туризм саласының әлеуетін арттыруға серпін беретін жаңа нысан – «Ордабасы сапар орталығы» өз жұмысын бастады. Бұл жоба өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға, ішкі және сыртқы туристік ағынды арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі болып саналады.

Сапар орталығы ауданға қарасты Бадам ауылдық округі аумағында орналасқан Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығының ішінде бой көтерген. Бұл аумақ тарихи маңызы жоғары нысандардың бірі ретінде танылып, елдің рухани және мәдени мұрасын сақтау мен дәріптеуде ерекше орын алады.

Аталған жоба 2020 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен әзірленіп, 2021 жылы құрылыс жұмыстары басталған болатын. Бүгінде заманауи талаптарға сай салынған орталық толықтай пайдалануға беріліп, келушілерге қызмет көрсетуге дайын.

Салтанатты ашылу рәсіміне Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев қатысып, жаңа нысанның өңір туризмін дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, сапар орталығы тарихи-танымдық бағыттағы қызметтерді жүйелеуге, келушілерге қолайлы жағдай жасауға және ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

Ашылу барысында мәдениет саласының өкілдері, ғылыми қауымдастық пен білім беру ұйымдарының мамандары да сөз сөйлеп, орталықтың өңірдің рухани-мәдени дамуына қосатын үлесіне жоғары баға берді. Шараға сондай-ақ «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы және өзге де мәдени мекемелердің өкілдері қатысты.

Жиынға қатысқан мәдениет қайраткері Шахар Қаназарұлы мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті проректоры Исабек Баршагүл орталықтың жас ұрпаққа тарихи білім берудегі рөлін ерекше атап өтті. Олардың пікірінше, мұндай нысандар ұлттық құндылықтарды насихаттауға және тарихи сананы қалыптастыруға ықпал етеді.

Ашылу рәсімі барысында нысанның лентасы қиылып, қонақтар орталықтың ішкі құрылымымен танысты. Сонымен қатар аудан өнерпаздары мәдени бағдарлама ұсынып, іс-шараға мерекелік сипат берді.

Жалпы аумағы 2906 шаршы метрді құрайтын «Ордабасы сапар орталығы» заманауи талаптарға сай толық жабдықталған. Мұнда кеңсе бөлмелері, кітапхана, конференц-зал, 16 орындық жатақхана, экспозициялық және қор сақтау бөлмелері қарастырылған. Бұл инфрақұрылым келушілерге сапалы қызмет көрсетуге және ғылыми-танымдық жұмыстарды дамытуға мүмкіндік береді.

Жаңа нысанның іске қосылуы Ордабасы ауданының туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңір экономикасының жаңа бағытын қалыптастыруға ықпал етеді. Туризм саласының дамуы жергілікті кәсіпкерліктің жандануына, қызмет көрсету секторындағы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің өсуіне жол ашады.

Жалпы алғанда, «Ордабасы сапар орталығы» – Түркістан өңірінде тарихи-мәдени туризмді дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Ол өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ұлттық мұраны сақтау және насихаттау ісіне елеулі үлес қосады.