Түркістан облысында құқықтық саясатты іске асыру және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстар аясында арнайы ведомствоаралық штаб отырысы өткізілді. Жиынның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, әлеуметтік тәуекелдерді азайту және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мәселелерін жан-жақты талқылау болды.
Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып, жүргізді. Отырыс барысында жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен өзекті бағыттар бойынша ақпарат берді.
Жиында Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысының балалардың құқықтарын қорғау мәселесін мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындағанын атап өтті. Оның айтуынша, бала қауіпсіздігі мен тәрбиесі – тек білім беру саласының ғана емес, барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың ортақ жауапкершілігі.
– Балалардың тәрбиесі, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта барлық мүдделі органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту қажет. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың себептерін анықтап, алдын алу шараларын жүйелі түрде күшейту керек. Сонымен қатар ауылдық жерлерде отбасы құндылықтарын насихаттау, бала тәрбиесіне қоғам болып назар аудару бағытында ақсақалдар, зиялы қауым және дін өкілдерімен бірлескен жұмыстарды жандандыру маңызды, – деді ол.
Отырыста өңірдегі кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, әлеуметтік қауіп-қатерлерді төмендету және «тәуекел тобындағы» жасөспірімдермен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың тиімділігі кеңінен қаралды. Сондай-ақ білім беру ұйымдары, жергілікті атқарушы органдар және құқық қорғау құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттілігі атап өтілді.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар аталған бағыттағы іс-шаралардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны айтылды.
Айта кету керек, қазіргі таңда Түркістан облысында мыңнан астам білім беру ұйымында 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың психологиялық қолдауымен 1353 педагог-психолог айналысады. Өңірде балалардың психологиялық әл-ауқатын жақсарту және ерте алдын алу жүйесін дамыту мақсатында психологиялық қызметтер жаңғыртылуда.
Сонымен қатар ата-аналармен, педагогтермен және құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттестікті күшейту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Мектептерде буллинг пен құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған цифрлық мониторинг жүйелерін енгізу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Жалпы алғанда, бұл шаралар Түркістан облысында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
