Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге және энергетикалық инфрақұрылымды әртараптандыруға бағытталған ауқымды инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Sauran Solar Power» ЖШС басқарма төрағасы Шао Юэбомен кездесті.
Кездесу барысында Сауран ауданында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясын салу жобасының іске асырылу барысы талқыланды. Тараптар құрылыс жұмыстарының кезеңдері, жобаны жүзеге асыру мерзімдері және туындаған мәселелерді шешу жолдары бойынша жан-жақты пікір алмасты. Айта кету керек, өткен жылдың желтоқсан айында аталған жобаның іргетасы қаланып, стратегиялық бастамаға ресми түрде жол ашылған болатын.
Өңір басшысы жобаның маңыздылығына тоқталып, оның еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылатын энергия көздерін дамыту – қазіргі заманғы экономиканың басты талаптарының бірі және бұл бағыттағы жобалар мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие.
– Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестициялық ахуалды жақсарту және шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау саясатының нақты нәтижесі. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің айқын көрінісі болып табылады. Біз жобаның уақтылы әрі сапалы іске асырылуы үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Өңірдегі әрбір инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы менің тұрақты бақылауымда, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында әкімдік тарапынан көрсетілетін институционалдық қолдау, инфрақұрылымды дамыту және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері де кеңінен қаралды. Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес, электр станциясы заманауи энергия үнемдейтін күн панельдерімен жабдықталатын болады. Сонымен қатар қосалқы станцияда қуаты 400 МВА болатын екі трансформатор орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, қуаты 90 МВт/360 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесі электр желісінің тұрақтылығы мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 160 млрд теңгені құрайды. Құрылыс және эксплуатация кезеңдерінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл ретте жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, кадр даярлау және біліктілікті арттыру мәселелеріне ерекше басымдық беріліп отыр.
Аталған жоба Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім аясында жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – «жасыл энергетиканы» дамыту, көмір генерациясына тәуелділікті азайту және ұлттық энергетикалық жүйенің тұрақты әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда жобаны іске асырудың келесі кезеңдері жоспарлы түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, құрылыс алаңына арналған модульдік контейнерлерді жеткізу, алғашқы партиядағы күн панельдері мен қосалқы жабдықтарды тасымалдау жұмыстары қолға алынған. Жобаның толық іске асырылу мерзімі 2024–2027 жылдар аралығын қамтиды.
Жалпы алғанда, аталған инвестициялық жоба Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерінің үлесін көбейту арқылы экологиялық ахуалды жақсартуға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
