ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДА ЗАҢДЫЛЫҚ ПЕН ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысында құқықтық саясатты іске асыру, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және инвестициялық жобалардың тиімді жұмыс істеуін бақылау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» аумағында алқалы кеңес өтті.

Жиынның негізгі мақсаты – өндірістік нысандарда қолданыстағы заң талаптарының сақталуын саралау, техникалық және өрт қауіпсіздігі нормаларының орындалуын бақылау, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек қатынастарының жай-күйін бағалау болды. Сонымен қатар жұмыс беруші мен жұмысшы құқықтарының сақталуы және еңбек жағдайларын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кеңес жұмысы басталар алдында қатысушылар өндірістік кешен аумағын аралап, еңбек үдерісінің ұйымдастырылуымен танысты. Жұмысшылармен тікелей пікір алмасу барысында олардың тұрмыстық және еңбек жағдайлары, қауіпсіздік талаптарының орындалуы және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі зерделенді. Сондай-ақ алқаптарда орналасқан базалардың санитарлық-тұрмыстық жағдайы тексерілді.

Қазіргі таңда «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» бірнеше өндірістік секторға бөлініп жұмыс істеуде. Жалпы алқап 16 сектордан тұрады. Әрбір секторда жұмысшыларға арналған жатын орындар мен асханалар қарастырылған. Бұдан бөлек, кәсіпорын аумағында төрт жатақхана ғимараты пайдалануға беріліп, еңбеккерлер үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, кешенде бүгінгі таңда 700-ден астам азамат тұрақты еңбек етуде. Бұл өңірдегі жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етіп отыр.

Алқалы кеңеске Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тілемисов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департамент басшысы Амангелді Әліш, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Закриддин Алимкулов қатысып, еңбек заңнамасының сақталуы, өндірістік қауіпсіздік және санитарлық талаптарға қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Жиын барысында өндірістік аймақтағы экологиялық тұрақтылық, топырақтың жай-күйі және қоршаған ортаға әсер ету мәселелері де талқыланды. Мамандар өндірістік қызмет барысында экологиялық талаптарды сақтау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтті.

Нұрбол Тұрашбеков өндірістегі ең маңызды бағыттардың бірі ретінде өрт қауіпсіздігі мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, кез келген инвестициялық жоба тек экономикалық тиімділікпен ғана емес, ең алдымен еңбек қауіпсіздігі және заң талаптарының қатаң сақталуымен қатар жүзеге асырылуы тиіс.

Облыс әкімінің орынбасары инвестициялық жобалар аясындағы мәселелер тұрақты түрде қаралып, олардың заң аясында шешілуіне жүйелі түрде бақылау жүргізіліп отырғанын атап өтті.

– Инвестициялық жобалардың іске асырылу барысындағы өзекті мәселелер апта сайын қаралып, заң шеңберінде шешімін табуға барынша ықпал етіліп келеді. Мұндай алқалы кеңестердің басты мақсаты – барлық тараптың құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және анықталған кемшіліктерді уақытылы жою, – деді ол.

Кеңес қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, инвестициялық жобалардың еңбек, қауіпсіздік және экологиялық талаптарға сәйкестігін тұрақты түрде қарау туралы шешім қабылданды. Бұдан былай мұндай мәселелер ай сайын өтетін кеңес отырыстарында жүйелі түрде талқыланатын болады.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында құқықтық саясатты іске асыру бағытындағы бұл жұмыстар инвестициялық жобалардың заңдылығын қамтамасыз етуге, еңбек қатынастарын реттеуге және халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.