МЕКТЕП ОРТАСЫНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ӨТТІ

Түркістан қаласында құқықтық саясатты іске асыру және жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта №22 Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектепте оқушыларға арналған арнайы кездесу ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Кездесу барысында жасөспірімдерге қоғамдағы заң үстемдігін сақтау және азаматтық жауапкершілікті күшейту мәселелері кеңінен түсіндірілді.

Шараға Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері Азамат Алмасбайұлы, Ербол Алтынбайұлы, Еламан Әлібекұлы және Қазбек Жабайқалиұлы қатысты. Жалпы жиынға 120-ға жуық оқушы қамтылып, олар құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке қатысты өзекті тақырыптар бойынша ақпарат алды.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениеті, жаяу жүргіншілер мен велосипед және электрлі құралдарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары жөнінде жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып, интернет алаяқтықтың түрлері мен одан қорғану жолдары туралы нақты мысалдар келтірілді.

Одан бөлек, есірткі және психотроптық заттардың зияны, олардың жасөспірім ағзасына және болашағына тигізетін ауыр салдары туралы да кең көлемде ақпарат берілді. Мамандар мұндай зиянды әрекеттердің тек жеке тұлғаға ғана емес, жалпы қоғамның тұрақтылығына да кері әсер ететінін атап өтті.

Іс-шара барысында тақырыпты тереңірек түсіндіру мақсатында бейнематериалдар көрсетіліп, нақты өмірлік жағдайларға негізделген мысалдар арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл оқушылардың құқықтық нормаларды жеңіл қабылдауына және түсінуіне мүмкіндік берді.

Полиция қызметкерлері кездесудің қорытынды бөлімінде жасөспірімдерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып, құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар жастарға жауапкершілік, тәртіп және заңға құрметпен қарау – болашақта табысты әрі қауіпсіз қоғам құрудың негізгі алғышарты екені түсіндірілді.

Жалпы алғанда, мұндай профилактикалық іс-шаралар еліміздегі құқықтық саясатты тиімді іске асыруға, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамда заң үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.