АРЫС ҚАЛАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК НЕГІЗІНДЕ ІРІ ТЕМІРЖОЛ СЕРВИСТІК ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНУДА

Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев теміржол машина жасау саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі саналатын Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азия өңірі бойынша басқарушы директоры Жером Бойемен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Арыс қаласының өндірістік әлеуетін арттыру, теміржол инфрақұрылымын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы бірлескен жобаларды талқылады.

Жиын аясында қала әкімі мен халықаралық компания өкілдері қазіргі таңда Арыс қаласында салынып жатқан заманауи теміржол сервистік орталығының құрылыс алаңына арнайы барып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталған орталық Alstom компаниясы құрастырған электровоздарға техникалық қызмет көрсетуге және жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған.

Құрылыс алаңында тараптар құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу барысын саралап, жобаның алдағы кезеңдері жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар KZ4 және KZ8 сериялы электровоздарға қызмет көрсететін сервистік депо құрылысының басталуын білдіретін символикалық рәсімге қатысып, нысанның іргетасына қыш қалады.

Жаңа өндірістік кешен теміржол саласындағы сервистік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын депо 2,9 гектар аумақта бой көтеруде. Жоба толық іске қосылған кезде 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда нысан аумағында құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен бірге қажетті инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды тарту жұмыстары да жоспарға сәйкес атқарылып жатыр. Мамандардың айтуынша, сервистік орталық іске қосылғаннан кейін өңірдегі теміржол техникасына қызмет көрсету мүмкіндігі едәуір артады.

Кездесу барысында Қайсар Маңқараев халықаралық инвесторлармен серіктестікті дамыту Арыс қаласының экономикалық әлеуетін күшейтуге оң әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай өндірістік жобалар өңірге инвестиция тартумен қатар, жаңа технологиялардың енгізілуіне және жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ал компания өкілдері өз кезегінде Арыс қаласының теміржол саласындағы стратегиялық маңызы жоғары екенін жеткізіп, жобаны табысты жүзеге асыруға мүдделі екендерін білдірді. Сонымен қатар алдағы уақытта да өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін атап өтті.

Айта кетейік, Alstom компаниясы әлемдегі теміржол техникасын өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі болып саналады. Компания жоғары жылдамдықты пойыздар, локомотивтер, трамвайлар және теміржол инфрақұрылымына арналған түрлі технологиялық жабдықтар шығарумен айналысады. Халықаралық деңгейдегі мұндай компанияның Арыс қаласында инвестициялық жобаны жүзеге асыруы өңірдің өндірістік және логистикалық әлеуетін арттыруға тың серпін береді деп күтілуде.