Нұралхан Көшеров Түркістан облысы әкімі Түркия Республикасынан келген жоғары деңгейлі делегациямен кездесу өткізді. Делегацияны Түркияның Әділет және даму партиясы бас хатшысының орынбасары, түркі мемлекеттерімен байланыс бөлімінің басшысы Күршад Зорлу бастап келді.
Кездесу барысында тараптар түркі мемлекеттері арасындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Әсіресе, өңірдің туристік әлеуетін арттыру және тарихи-мәдени мұраны бірлесе насихаттау бағыттарына ерекше назар аударылды.
Өз сөзінде облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, халықаралық әріптестікке ашық екенін атап өтті.
– Түркі елдерінің рухани астанасы Түркістан қаласы қош келдіңіздер! Бұл кездесу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. Түркия – біздің бауырлас мемлекетіміз. Ортақ тарихымыз, мәдениетіміз және дәстүріміз бар. Бүгінде облыста жалпы аумағы 2397,3 гектарды құрайтын 21 индустриалды аймақ және 4 мың гектардан асатын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Инвесторларға барлық қажетті инфрақұрылымы бар дайын алаңдар ұсынылады. Сонымен қатар өңірде 1770-ке жуық тарихи-мәдени ескерткіш бар, бұл туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді, – деді Нұралхан Көшеров.
Өз кезегінде Күршад Зорлу түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайтынын жеткізіп, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді. Ол Қожа Ахмет Ясауи мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау, қолөнер саласын дамыту және экономикалық байланыстарды тереңдету мәселелеріне тоқталды.
Сондай-ақ Түркия Республикасы Сауда министрінің орынбасары Махмут Гюрджан екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті.
Кездесуге Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы Бас консулы Левент Гюрджан, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек және университет ректоры Жанар Темірбекова қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін растады.
Айта кетейік, Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара тауар айналымы 2025 жылы 5,4 млрд АҚШ долларын құраған. Ал Түркістан облысы мен Түркия арасындағы сауда көлемі 45,4 млн АҚШ долларына жеткен.
Өзара тиімді серіктестіктің нәтижесінде өңірде түрік капиталымен бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, YDA Holding компаниясы қысқа мерзімде Түркістан халықаралық әуежайын салса, «Керуен Сарай» туристік кешені 2021 жылы пайдалануға берілген.
Жалпы, бұл кездесу Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып қана қоймай, Түркістан облысы инвестициялық және туристік әлеуетін арттыруға жаңа серпін беретіні анық.
