ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕР ТӘЖІРИБЕСІ БАСҚА ӨҢІРЛЕРГЕ ЕНГІЗІЛМЕК

Қанат Бозымбаев тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы аумағында іске асырылып жатқан шағын өндірістік парктерді құру тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде қолдану жоспарлануда.

Осы бағыттағы жұмыстарды зерделеу мақсатында өңірге Олжас Сапарбеков жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ол облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек бірге Сауран ауданындағы «SAURAN» өндірістік паркінің жұмысымен танысты.

Аталған өндірістік паркте жаңбырлатып суару жүйелерін өндіретін «BNK Group», жиһаз шығаратын «Aqniet Holding», өндірістік тоңазытқыштар өндіретін «UBC групп» және басқа да кәсіпорындардың жобалары таныстырылды. Сонымен қатар Сауран ауданының Яссы ауылдық округінде және Түркістан қаласы аумағында салынып жатқан өндірістік парктердің құрылысы туралы мәлімет берілді.

Олжас Сапарбеков өңірдегі шағын өндірістік парктердің жұмысын жоғары бағалап, бұл бастама шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға оң әсер ететінін атап өтті.

Өз кезегінде Қанат Қайыпбек өндірістік парктерді дамыту және ондағы жобаларды іске асыру жұмыстары тұрақты бақылауда екенін жеткізді. Инвесторлармен жүйелі байланыс орнатылып, жаңа өндірістерді іске қосу қарқынды жалғасуда.

Жалпы, облыстың барлық аудандары мен қалаларында 214 гектар аумақта 25 шағын өндірістік алаң құрылуда. Бұл алаңдарда 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 251 жоба бойынша келісімдер жасалып, олардың жалпы инвестициялық құны 192 млрд теңгені құрайды.

Аталған жобалар нәтижесінде 5 218 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 96 млрд теңгенің импортты алмастыратын өнімдерін өндіру жоспарланған.

Бүгінде 50 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталып, өткен жылы жобалар аясында 27 млрд теңгенің өнімдері өндірілді. Қалған нысандардың құрылысын ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында толық аяқтау көзделген.

Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеров тарапынан қатаң бақылауға алынған.