ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ АЯСЫНДА 4 ЖАҢА СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНАДЫ

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ордабасы ауданында Түркістан облысы тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, алдағы вегетация кезеңіне дайындық барысын таныстырды.

Министрдің айтуынша, 2028 жылға дейінгі су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында өңірде төрт жаңа су қоймасын салу көзделген. Қазіргі таңда «Бәйдібек ата» және «Қарақуыc» су қоймаларының құрылысы аяқталуға жақын. Ал «Иқан-су» мен «Боралдай» су қоймалары бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар:

  • 3 су қоймасы қайта жаңғыртылады;
  • 3 нысанның инженерлік қорғанысы күшейтіледі;
  • 15 коммуналдық су қоймасы күрделі жөндеуден өтеді;
  • 40 гидротехникалық нысанға кешенді тексеру жүргізіледі.

Өңірде ирригациялық жүйелерді дамыту да қарқын алған. Каналдарды жөндеу және реконструкциялау бойынша 4 жоба аяқталып, нәтижесінде 24,5 мың гектардан астам суармалы жер сумен қамтамасыз етілді. Ал биыл еліміздің оңтүстігінде 115 каналды жаңғырту және 103 каналды автоматтандыру жұмыстары басталды.

Министр климат өзгерісінің әсеріне тоқталып, су ресурстарын тиімді басқару маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, жүзеге асырылып жатқан жобалар су үнемдеуді арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Шаруаларды қолдау мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізуге бөлінетін субсидия көлемі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылған. Соның нәтижесінде елімізде мұндай технологиялар қолданылатын алқап көлемі 543,5 мың гектарға жетті. Ал Түркістан облысы бойынша қосымша 82 мың гектар жерге заманауи суару жүйелері енгізіліп, 124,5 млн текше метр су үнемделген.

Бұдан бөлек, елімізде ирригациялық кондоминиумдар институты заң жүзінде бекітіліп, су желілерін тиімді басқару жүйесі күшейтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су ресурстарының «көлеңкелі айналымын» жоюға бағытталған арнайы Жол картасы қабылданған.

Кездесу барысында тұрғындар каналдарды тазалау, бетондау, бұлақтарды қалпына келтіру, дренаж жүйелерін жөндеу және су үнемдеуді субсидиялау мәселелерін көтерді. Жиын соңында министр азаматтарды жеке қабылдап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.