Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Пасха мерекесіне арналған салтанатты концерт өтті. Іс-шараны Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ-і мен қалалық славян этномәдени бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.
Мерекелік кештің ашылуында православ шіркеуінің өкілі, жиналған қауымды Пасха мерекесімен құттықтап, бейбітшілік, өзара түсіністік пен рухани келісімнің қоғам үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.

Мерекелік кеш барысында Шымкент қаласындағы Қазан Құдай Анасы иконасы храмының хоры «Торжествуйте днесь» және «Радуйтесь все» шығармаларын орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, кіші хордың орындауындағы «Пасха» әні де кештің мазмұнын аша түсті.

Бағдарлама аясында өнердің әртүрлі жанрлары қамтылып, көрерменге жан-жақты мәдени әсер сыйланды. Атап айтқанда, «Heppy Step» би мектебінің тәрбиеленушілері «Босиком по облакам» композициясымен сахна сәнін кіргізсе, балалар өнер мектебінің оқушылары Сабадаш София мен Қауысбек Асылай «Весну звали» дуэтін орындады.
