САРЫАҒАШ: ӨНДІРІС ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ ДАМУДА

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округіндегі кәсіпкерлік нысандардың жұмыс барысымен танысып, кәсіп иелерімен кең көлемді әңгіме өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетілетінін атап өтіп, өңірлік экономикаға үлес қосатын бәсекеге қабілетті өнім шығару, сапаны арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндеттер екенін жеткізді.

Алдымен аудан әкімі Береке елді мекеніндегі жеке кәсіпкер «Мейірбек» наубайханасына барды. Кәсіпорын 2026 жылы жұмысын бастады және қазіргі таңда нан өнімдерінің 11 түрін шығарып отыр. Өндіріс тәулігіне 2 000 дана өнім өндіруге қабілетті, ал 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Дайын өнімдер Сарыағаш ауданы мен көршілес аймақтарда сұранысқа ие болып, кәсіпорынның нарықтағы үлесі артып келеді.

Сонымен қатар, аудан әкімі Нұрымбет Әбеевтің сүт өнімдерін өңдейтін цехына барып, өндіріс үдерісін көрді. 2022 жылы ашылған кәсіпорын тәулігіне 3 тонна сүт өңдеуге қабілетті. Мұнда 4 адам тұрақты, 10 адам маусымдық негізде жұмыс істейді. Өнімдер республика көлемінде сатылымға шығарылып, сапасы жоғары бағалануда. Кәсіпкердің айтуынша, биыл наурыз айында тәжірибе алмасу мақсатында басқа өңірлерден білікті мамандар шақырылып, өндіріс үдерісін жетілдіру бағытында бірлескен жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.

Аудан әкімі кәсіпкерлік нысандардың дамуы жергілікті экономикаға оң ықпал ететінін атап өтті. Өндіріс ошақтарының өсуі жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнім түрлерін көбейтуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау мен ынтымақтастық арқылы Сарыағаштағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы одан әрі жалғасады.