Келес ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл экономикасын дамытуға тың серпін беруде. Жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті қолдау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізді.
2023–2025 жылдары жобаның аясында Келес ауданында жалпы 339 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 750 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобалардың негізгі басымдықтары – мал және өсімдік шаруашылығы, жылыжай кешендерін дамыту, балық және құс шаруашылығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтерін жаңғырту мен жабдықтау. Сонымен қатар, тұрғындардың өз кәсібін бастауына мүмкіндік беріліп, бірқатар шағын өндірістер іске қосылды.
2025 жылы іске асырылған жобалар қатарында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, жүзім шаруашылығын дамыту, тігін өндірісін ұйымдастыру сияқты бастамалар бар. Бұл шаралар ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына елеулі ықпал етуде.
2026 жылға қайта өңдеу саласындағы жобаларды ұлғайтып, кемінде төрт жаңа кооператив құру міндеті қойылған. Осы бағытта Абай ауылында сүт өндіру кооперативі, Бірлесу ауылдық округінде құлпынай өсіру кооперативі бойынша құжаттар тиісті мекемеге жолданды. Сонымен қатар, Бірлік ауылдық округінде өндірістік парк құру жоспарланып отыр. «Бір ауыл – бір өнім» қағидасы бойынша жем-шөп дайындайтын цех салу және мал бордақылау алаңдарын біріздендірілген үлгіде орналастыру көзделген. Ал Ақтөбе ауылдық округінде балық шаруашылығын дамыту бағытында шағын сауда нүктесін ашу ұсынылған.
Бағдарлама аясында тұрғындарға кәсіпкерлік негіздерін үйрету, өз кәсібін ашуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бірнеше жобаның құжаттары дайындалып, алдағы кезеңде іске асырылуға дайындалуда. «Ауыл аманаты» жобасы Келес ауданындағы ауылдық кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті экономиканы нығайтудағы тиімді құралға айналып отыр. Жобаның жалғасуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

