Қазығұрт ауданында 2025 жылы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Азизхан Исмаилов мәлімдеді.
Өткен жылы ауданда 14,6 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 35,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 80 отбасы баспанамен қамтылды. Биыл қосымша 100 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда.
Инженерлік инфрақұрылым көрсеткіштері де тұрақты өсім көрсетуде. Аудан елді мекендері 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген. Электр желісімен қамту деңгейі – 98,4 пайыз. Қазіргі таңда 61 елді мекеннің 55-і табиғи газға қосылып, газдандыру көрсеткіші 90,1 пайызды құрап отыр. 2027 жылға қарай аудан аумағын толықтай орталықтандырылған газ жүйесімен қамту жоспарланған.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2025 жылы 21 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен 12 елді мекендегі 22 көшеге жөндеу жұмыстары атқарылды.
Әлеуметтік салада да оң динамика байқалады. 2025 жылы 4 медициналық нысанның құрылысы аяқталды, ал биыл тағы 4 медициналық мекеменің құрылысы басталмақ. Білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында Шарбұлақ ауылында 300 орындық мектептің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен басталса, жеке инвесторлар есебінен Сарапхана ауылында 500 орындық және Қазығұрт ауылында 600 орындық мектептердің құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар өткен жылы 15 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл 35 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныстар енгізілген.
Экономикалық көрсеткіштерге тоқталсақ, 2025 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 162,8 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 47,9 млрд теңгеге жетсе, биыл бұл көрсеткішті 56 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы саласында 83,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 25,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Тұрбат ауылында 60 гектар аумақта «ТҰРБАТ» агроиндустриалды аймағы құрылып, оны жыл соңына дейін толық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделуде. Жоба аясында 416 жаңа жұмыс орны ашылады.
Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында 510 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісі енгізілсе, биыл бұл көлемді 600 гектарға жеткізу жоспарлануда. Өткен жылы 78,6 шақырым канал механикалық тазалаудан өтсе, биыл 85,5 шақырым каналда тиісті жұмыстар жүргізіледі.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2025 жылы 534,6 млн теңгеге 65 жоба қаржыландырылды. Биыл 1,2 млрд теңгеге 98 жобаны қолдау көзделіп отыр.
Алдағы 2026–2027 жылдары ауданда 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында «Қарқын 2030» ЖШС-нің 5 000 басқа арналған заманауи мал бордақылау алаңы, «Agro-irrigation» серіктестігінің гофрленген ауыз су және кәріз құбырларын өндіру зауыты, сондай-ақ «Ай-Зере» серіктестігінің заманауи қыш өндірісі жобалары бар.
Жалпы алғанда, Қазығұрт ауданында инфрақұрылымды жаңғырту, өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік нысандар салу бағытындағы кешенді жұмыстар өңірдің тұрақты дамуына негіз қалыптастыруда.

