ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ — ӘДІЛЕТТІ ЖӘНЕ ПРОГРЕССИВТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Бүгін Астана қаласындағы Достық үйі ғимаратында этномәдени бірлестіктердің «Жаңа Конституция – әділетті және прогрессивті Қазақстанның берік негізі» тақырыбындағы жалпыреспубликалық форумы өтті.

🔹Форумды Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде Конституциялық реформалардың тарихи маңызына тоқталып, қоғамның барлық өкілдерін алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.

🔹Шараға Шымкент қаласының Достық үйі алаңынан онлайн форматта қалалық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдері, құрылым басшылары және жастар қатысты.

🔹Форум барысында Ассамблея активі қоғаммен ашық диалогты жалғастыруға және ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге дайын екенін растады.

🔹«Жаңа Конституция – бұл еліміздің кемелденген мемлекеттілігінің көрінісі. Біз әділеттілік қағидатын нақты мазмұнмен толықтырып, әр азаматтың құқығы мен мүмкіндігін қорғауды күшейтеміз. Алдағы референдум – тарихи таңдау. Әрқайсымыздың дауысымыз Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайды», – деді Ассамблея Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.

🔹Айта кету керек, Конституция жобасы кең әрі ашық қоғамдық талқылау нәтижесінде әзірленді. Азаматтардың ұсыныстары мен сарапшылар пікірлері ескеріліп, халықтың тікелей қатысуымен қалыптастырылды.