Сарыағаш қаласыда Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров 300 төсек-орындық заманауи көпбейінді аурухана құрылысының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Бұл аса маңызды әлеуметтік нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
Жаңа медициналық кешен облыстың денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге, тұрғындарға сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге бағытталған. Аурухана тек Сарыағаш қаласының ғана емес, сонымен қатар Келес, Мақтаарал, Жетісай, Қазығұрт және Шардара аудандарының тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Аталған аудандарда жалпы 1 миллионнан астам халық тұрады.
– Бүгін біз Сарыағаш қаласында аса маңызды әлеуметтік нысан – көпбейінді аурухана құрылысының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Бұл – өңіріміздің денсаулық сақтау саласындағы жаңа белесі, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған үлкен қадам. Президентіміздің халық денсаулығын жақсартуға бағытталған бастамалары аясында облыста ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Жаңа аурухана мыңдаған тұрғынға үміт сыйлайды, жүздеген отбасының амандығын сақтауға үлес қосады және медициналық қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтереді, – деді Нұралхан Көшеров.
Аурухана 300 төсек-орынға есептелген және үш негізгі блоктан тұрады:
Хирургиялық блок – 50 төсек-орын (нейрохирургия, офтальмология, ЛОР және травматология бөлімшелері);
Терапиялық блок – 100 төсек-орын (неврология, инсульт орталығы, кардиология және интервенциялық кардиология бөлімшелері);
Перинаталдық блок – 150 төсек-орын (ана мен балаға арналған заманауи күтім, жүкті әйелдер патологиясы бөлімшелері).
Медициналық кешен заманауи жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Ғимарат 10,4 гектар аумақта орналасып, үш қабаттан тұрады және жалпы ауданы 70 мың м²-ден асады. Жобаның құны – 74,5 млрд теңге. Құрылыстың аяқталуы 2027 жылдың желтоқсанында жоспарланған.
Жобаны мердігерлік атқаратын ұйым – «ASPAN HOLDINGS» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Строй-Проф» ЖШС, авторлық қадағалаушы – «Engineering Center Ltd» ЖШС. Түркістан облысында халық денсаулығын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғасуда:
Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталық құрылысы басталды;
Түркістан қаласында демеушілер есебінен «Ана мен бала» орталығы салынып жатыр және келесі жылы іске қосылады;
Өткен жылы облыста 40-қа жуық медициналық нысан пайдалануға берілді, оның ішінде Сарыағаш ауданында 6 нысан ашылды;
Шалғай ауылдық елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылып, тұрғындарға алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі артты.
Жалпы, жаңа көпбейінді аурухана құрылысы өңірдің денсаулық сақтау жүйесін күшейтіп, тұрғындардың сапалы медициналық қызмет алуына зор мүмкіндік береді.

