Сарыағаш ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 2025 жылдың қорытындысымен 385,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 137,2 млрд теңгеге, өнеркәсіп өнімінің көлемі 30,5 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ, негізгі капиталға 82,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы брифинг барысында Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев мәлімдеді.
Аудан экономикасының тірегі саналатын ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 78 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 5 219 гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесі енгізіліп, 1 324 гектар аумаққа қарқынды бау отырғызылды.
Бүгінде Сарыағаш ауданы жылыжай шаруашылығы бойынша республикада жетекші орында. Аудан аумағындағы жылыжайлардың жалпы көлемі 807,2 гектарды құрайды. Бұл – еліміздегі жылыжайлардың шамамен 70 пайызы Сарыағаш ауданында орналасқанын көрсетеді. Өткен жылы ауданда құс фабрикасын кеңейту жобасы, 4,3 гектар лимон өсіруге арналған жылыжай кешені мен жеміс қоймасы, сондай-ақ мал сою және экспортқа ет дайындау орны іске қосылды. Бұдан бөлек, 1000 басқа арналған мал бордақылау кешені пайдалануға берілді.
Ал 2026 жылға жоспарланған жобалар қатарында 5 000 басқа арналған мал бордақылау алаңы, 1 000 бастық ірі қара мал бордақылау кешені, сондай-ақ өсімдік майын өндіретін және құрама жем дайындайтын цехтардың ашылуы бар. Бұл жобалар агроөнеркәсіп кешенін әртараптандырып, қосылған құны жоғары өнім көлемін арттыруға бағытталған.
Өнеркәсіп саласында да оң динамика байқалады. Өткен жылы ауданда бір реттік ыдыстар мен пластмасса жәшіктер өндіретін цех, күнбағыс майын өңдеу өндірісі және темірбетон бұйымдары цехы іске қосылды. Ал биыл жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын минералды су құю зауыты, қыш өндіру цехы, күнбағыс майын өңдеу кәсіпорны және шағын су электр станциясының құрылысы жоспарланып отыр.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылы ауданда 62 201 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 жаңа мектеп, 2 күрделі жөндеуден өткен мектеп және 2 ағымдағы жөндеуден өткен білім беру нысаны ел игілігіне тапсырылды.
Инженерлік және жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Дербісек және Дарбаза ауылдық округтеріндегі 32 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен 49 көшеге орташа жөндеу жасалды. Ал 2026 жылы 89 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Жалпы, Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар экономиканы әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Ауданның аграрлық және өнеркәсіптік әлеуетін тиімді пайдалану өңірдің тұрақты дамуына берік негіз қалайды.

