Түркістан облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзіндік кірістер жоспары 109% орындалып, бюджетке 301 млрд теңге түсті. Бұл бекітілген жоспардан 25,6 млрд теңгеге артық. Жоспар 275,2 млрд теңге көлемінде айқындалған болатын.
Атап айтқанда, салықтық түсімдер бойынша жоспар 107% орындалып, бюджетке 247,1 млрд теңге түсті. Бұл жоспарланған 230,3 млрд теңгеден 16,8 млрд теңгеге артық. Кірістердің өсуі өңір экономикасының тұрақты дамуын және қаржы тәртібінің нығайғанын көрсетеді.
Бюджеттің орындалу барысы, сондай-ақ осы саладағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген жиналыста жан-жақты талқыланды.
Өңір басшысы облыстың негізгі басымдықтары инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және жаңа жұмыс орындарын құру арқылы өзіндік кірістерді ұлғайту екенін атап өтті.
– 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзіндік кірістер мен салықтар жоспары орындалғанымен, кейбір аудандарда жоспар толық қамтамасыз етілмей отыр. Корпоративтік табыс салығы бойынша да кемшіліктер бар. Бюджет кірістерінің әрбір көзін сапалы орындауды, бюджет қаражатын мерзімінде әрі тиімді игеруді қамтамасыз ету қажет. Өзіндік кіріс көздерін ұлғайту – басты міндет. Инвестиция тарту мен өндіріс орындарын көбейту бағытындағы жұмысты күшейтіңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметова баяндама жасап, негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, өзіндік кірістердің өсу қарқыны 119% құрап, түсімдер 48 млрд теңгеге артығымен қамтамасыз етілген. Салыстыру үшін: 2024 жылы кірістер көлемі 253,1 млрд теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 301 млрд теңгеге жеткен.
Сонымен қатар, облыстық бюджет жоспары 109% орындалып, нақты түсім 140,8 млрд теңгені құрады. Жоспар 129,6 млрд теңге көлемінде бекітілген болатын. Нәтижесінде облыстық бюджет кірістері 24%-ға немесе 27 млрд теңгеге өсіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларын қаржыландыру мүмкіндігі артты.
Корпоративтік табыс салығы бойынша да оң динамика байқалады. 2025 жылы 5 454 корпоративтік табыс салығын төлеушінің есебінен түсімдер 18 млрд теңгеге артып, жалпы көлемі 47,5 млрд теңгеге жетті. Бұл өңірде кәсіпкерлік белсенділіктің және өндірістік сектордың дамып келе жатқанын айғақтайды.

