«ДАРБАЗА – МАҚТААРАЛ» ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІСІ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА ЖАҢА СЕРПІН БЕРЕДІ

Жетісай ауданы аумағында салынып жатқан «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық инфрақұрылымдық жоба болып отыр. Ұзындығы 12,98 шақырым болатын теміржол желісінің құрылысы облыстың транспорттық байланыстарын нығайтып, тауарларды жеткізу мен экспортты дамытуға мүмкіндік береді.

Жобаны жүзеге асыру барысы Жетісай ауданы әкімдігі, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол құрылысы басқармасы және «Integra Construction KZ» компаниясы арасындағы үйлестірілген жұмыс арқылы жүзеге асырылуда. Аудан әкімінің төрағалығымен өткен жиында құрылыс барысы, жер қатынастары, инженерлік инфрақұрылым нысандарының салынуы және алдағы міндеттер жан-жақты талқыланды.

Теміржол желісін салу үшін 153 жер пайдаланушыға тиесілі 74,383 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, жалпы сомасы 106,5 млн теңге өтемақы төленген. Құрылыс барысында 1096+32 пикетінде көпір, 964+83 пикетінде автожолмен қиылысатын путепровод, сондай-ақ 29 су өткізу құбыры салынуы жоспарланған. Қазыбек би ауылдық округі мен Сырабат елді мекендеріндегі автожол өтпелері үшін 33 жер учаскесін мемлекет қажеттілігіне алу мәселесі қарастырылуда.

Жер рәсімдеу жұмыстары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүргізіліп, 423 жер учаскесінің құжаттары келісімге қойылуда. Бұл шара жобаны белгіленген мерзімде аяқтауға, құрылыс сапасын қамтамасыз етуге және тұрғындардың мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.

Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жұмыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды, жер рәсімдеу жұмыстарын жеделдетуді және тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Жобаның іске асуы жергілікті экономиканы дамытуға, жұмыс орындарын көбейтуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау тиімділігін арттыруға және экспорттық әлеуетті нығайтуға бағытталған.

Жалпы алғанда, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы Түркістан облысының инфрақұрылымдық даму стратегиясының маңызды бөлігі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және логистикалық байланыстардың халықаралық стандарттарға сай дамуына жаңа серпін береді.