Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық маңызына ерекше тоқталып, 2035 жылға қарай әлемде ет тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға, ал ет импорты 27 миллион тоннаға дейін артатынын атап өткен болатын. Осыған орай Президент Қазақстанның, әсіресе Азия нарығына сапалы ет экспорттайтын ірі елге айналуына толық әлеуеті бар екенін айтты. Бұл міндет ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан жаңғыртуға бағытталған нақты жобалар арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Мемлекет басшысының осы тапсырмалары аясында Түркістан облысы, Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округі аумағында 20 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын салу жоспарлануда. Аталған жоба жеке инвестордың бастамасымен іске аспақ. Кәсіпкер 20 гектар жерге 8 млрд теңге көлемінде инвестиция құйып, заманауи технологиялармен жабдықталған өндірістік кешен салуды көздеп отыр.
Жобада қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, жағымсыз иіс пен қалдықтардың таралуын болдырмайтын экологиялық қауіпсіз шешімдер қарастырылған. Мал қалдықтарын өңдеудің заманауи жүйелері қолданылып, санитарлық-қорғау талаптары қатаң сақталмақ. Бұл жоба экологиялық қауіпсіздік пен өндірістік тиімділікті қатар қамтамасыз етуге бағытталған.
Жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы да назардан тыс қалған жоқ. Осыған байланысты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жоспарланған нысан аумағында болып, ауыл тұрғындарымен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын кеңінен түсіндіріп, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауап берді.
Кездесу кезінде тұрғындар ауылішілік жолдарды жөндеу, инфрақұрылымды жаңарту, сондай-ақ мектеп пен мәдениет үйін салу мәселелерін көтерді. Бұл ұсыныстарға жауап берген аудан әкімі:
– Ауылда кәсіпкерлік дамыса, салық түсімі артады. Ал салық көлемінің өсуі ауыл бюджетінің ұлғаюына тікелей әсер етеді. Соның нәтижесінде жол салынып, әлеуметтік нысандар бой көтереді. Сондықтан біз кәсіпкерлікті қолдауға мүдделіміз. Мұндай жобалар ауылдың дамуына нақты серпін береді, – деп атап өтті.
Сондай-ақ жиын барысында жайылымдық жерлер мәселесі де көтерілді. Аудан әкімі жайылымдық жерлер кәсіпкерге берілмейтінін, тек жобаның бастапқы кезеңінде 5 гектар жер уақытша пайдалануға ұсынылатынын нақтылады. Сонымен қатар кәсіп бастауды жоспарлаған жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы көмек көрсетілетіні айтылды.
Инвестор өз кезегінде бордақылау алаңының санитарлық-қорғау аймағы, экологиялық қауіпсіздігі, қалдықтарды өңдеу жүйесі және иіс шығармайтын заманауи технологиялардың қолданылуы жөнінде толық ақпарат берді. Жоба толық іске асқан жағдайда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Жалпы алғанда, бұл инвестициялық жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға, Келес ауданының экономикалық әлеуетін арттыруға және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама болып табылады.

