Созақ ауданында 2025 жылдың желтоқсан айында инженерлік, әлеуметтік, спорттық және инфрақұрылымдық бағыттағы 18 жаңа нысан пайдалануға беріліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Соның ішінде 11 нысан бір тәулік ішінде ашылып, аудан тарихында ерекше маңызды кезең ретінде есте қалды.
Ауданның әлеуметтік саласында Құмкент ауылында «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы ашылды. Бұл орталық зейнет жасындағы ардагерлер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Бір мезетте 30 адамды қабылдай алатын орталықта 10 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Спорт инфрақұрылымы да кеңейтілді. Құмкент, Жартытөбе, Жуантөбе, Шу және Тасты ауылдарында жабық үлгідегі кіші футбол алаңдары пайдалануға беріліп, ауыл спортына серпін берілді. Жалпы осы жылы 6 ауылдық округтен жаңа футбол алаңдары ашылды. Сонымен қатар, Созақ ауылында 1,5 гектар аумақтағы екі қабатты заманауи спорт кешені салтанатты түрде пайдалануға берілді. Кешенде футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, бокс және күрес залдары, жаттығу залы, медициналық кабинет пен қосалқы бөлмелер толық қамтылған.
Тұрғын үй саласында да маңызды жұмыстар атқарылды. Шолаққорған ауылындағы Жеткіншек шағын ауданында екі қабаттан тұратын 16 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, апатты үйлерде тұрған отбасылар жаңа баспанамен қамтылды. Сонымен қатар, аудан орталығында жеке инвесторлардың қаржысы есебінен салынған екі қабатты үш тұрғын үй (жалпы 24 пәтер), сондай-ақ екі пәтерлі 26 тұрғын үй (52 пәтер) құрылысы толық аяқталды. Осылайша, Жеткіншек мөлтек ауданында жалпы 76 пәтерлі жаңа тұрғын үйлер қолданысқа дайын тұр.
Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тапты. Қаратау ауылы, Созақ ауылы және Шақырық бөлігінде ауыз су жүйелері жаңартылып, мыңдаған тұрғын сапалы және таза сумен қамтамасыз етілді.
Денсаулық сақтау саласында Аққолтық елді мекені мен Шу ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылды, ал білім саласында М. Әуезов атындағы мектепке қосымша ғимарат пайдалануға берілді.
Қоғамдық кеңістіктер де дамып, Жуантөбе ауылында жаңа саябақ ашылып, тұрғындарға жайлы демалыс орны құрылды. Құмкент ауылында заманауи үлгідегі сахна пайдалануға беріліп, концерттер мен мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар, Құмкент, Қызылкөл және Сызған ауылдарында балалар ойын алаңшалары іске қосылды.
Бұдан бөлек, Жуантөбе ауылында салынған полиция пунктінің құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға дайын.

